25 Наурыз 2019
519

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары өңір кәсіпкерлерімен кездесті

 

Облысымызға жұмыс сапарымен келген вице-премьер Ж.Қасымбек өңірдегі бірқатар өндіріс орындарында болып, кәсіпкерлермен кездесу өткізді. «Қарапайым заттар экономикасы» тақырыбына арналған басқосуға екінші деңгейдегі банк филиалдарының басшылары, Қазақстандағы индустрианы дамыту институттарының өкілдері, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік мекемелер өкілдері қатысты.

 

 

 

Кездесу барысында Жеңіс Қасымбек «Қарапайым заттар экономикасын» дамытудың мемлекет үшін маңыздылығына тоқталды. Вице-премьер әсіресе Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында айтылған халық тұтынатын тауар түрлерін арттыру мақсатында кәсіпкерлерге қолдау көрсету, сол арқылы «Қарапайым заттар экономикасын» жетілдіре түсу керектігін атап өтті.

 

-Бұл бағыт тек еліміздегі экспорт мүмкіндігін арттырып қана қоймай, ішкі нарықтағы отандық тауар үлесін кеңейте түсу үшін өте маңызды. Аталмыш бағдарлама жергілікті өнімге деген қолдаумен қатар нарықты сапасыз өнімнен қорғауға бағытталған. Бұлар халық тұтынатын өнімдер болғандықтан басты назарда болуы шарт,-деді вице-премьер.  

 

Сонымен қатар басқосуда кәсіпкерлік саласын қолдауға 600 миллиард теңге қаражат бөлінгені де айтылды. Бұл қаржының 200 миллиарды ауыл шаруашылық кәсіпорындарын қолдауға, 400 миллиард теңгесі құрылыс индустриясын, жеңіл және тамақ өнеркәсібін, жиһаз жасау саласын дамытуға бағытталмақ. Сондай-ақ орта және шағын бизнес саласын қолдауға да қаражат қарастырылған. 

 

Кездесуде облыс әкімі Алтай Көлгінов елдегі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің жақсы дамып, қосымша жұмыс орындары ашылып, өңірдің инвестициялық ахуалы арта түскендігін айтты. Сондай-ақ өндіріс көлемі артып, өңір кәсіпкерлері ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да ерекше орын ала бастағаны сөз болды.

 

Сонымен қатар Премьер-Министрінің орынбасары өңірдегі кәсіпкерлерге кездесетін қиындықтарға да назар аударды.

 

Өнім өңдеу саласында еңбек ететін кәсіпкерлер вице-премьермен өткен ашық пікірталаста несие пайыздарын төмендету мен салық жүктемелерін жеңілдету жағын қарастыру керектігін айтты.

 

-Соңғы 7 жылда біздің кәсіпорын 3 ауқымды жобаны жүзеге асырды. Өткен жылы соңғы екі жобаның несиесін сәтті төлеп шықтық. Бұл ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамып келе жатқандығының белгісі. Елбасымыз өткен жылғы облысымызға жұмыс сапары кезінде біздің құс өсіру кешенімізде болды. Біздің бұл жобамызды жүзеге асыруымызға екінші деңгейдегі банк пен «Даму» қоры көмектесті. Соңғы жылдары өңірдегі мал басы артып келеді. Бүгінгі таңда облыс бойынша 555 мың бас ірі қара малы тіркелген. Оған жыл сайынғы төлін қосыңыз. Ал облыс бойынша әрқайсысы 1 мың бас малған шақталған тек 4 бордақылау алаңы бар. Бұл өте аз. Өңірде жыл сайын 80 мың бас мал бордақылауға болады, -деді «Жайық Агро ЛТД» ЖШС директоры Темірғали Ескендіров.

   

Вице-премьер Жеңіс Қасымбек кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлерді тыңдап, кәсіпкерлер тарапынан қойылған әр сауалдарға жауапты тұлғалардың осы апта ішінде түсінік берулерін тапсырды.

 

ФОТО: Александр Куприенко