27 Наурыз 2019
461

«Әлеуметтік нысандар салуда жер үнемді пайдаланылуы керек»

 

Бұл туралы бүгін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласын оңтайландыруға арналған кеңес отырысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев мәлімдеді. Басқосуға құзырлы мекемелердің басшылары, өңірдегі ірі құрылыс компания өкілдері мен жекеменшік балабақшамен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.

 

 

- Әр үлкен қаланың басты байлығы – оның жері екендігі белгілі. Сондықтан құрылыс жүргізгенде әр шаршы метр жерді оңтайлы пайдаланып, әсіресе халыққа қажетті емхана, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандардың қолжетімді орындарға салынуын қадағалау басқарушы органның басты міндеттерінің бірі. Елбасымыз да тұрғындарға қолайлы болуы үшін көп қабатты үйлердің төменгі қабаттарынан әлеуметтік нысандар салуды ұсынған болатын. Әр үлкен қалалардағы секілді біздің шаһарда да жеке балабақшалардың басым көпшілігі арнайы орындарда емес, қосалқы жабдықталған ғимараттарда орналасқан. Шағындалған балабақшалар үшін әдейілеп нысан салу жеке кәсіпкерлерге тиімсіз де шығар. Сондықтан бүгін өңірдегі ірі құрылыс компанияларының басшыларымен бас қосып, қаладан салынатын көп қабатты тұрғын үйлердің төменгі қабаттарынан балабақшалар немесе емханалар секілді әлеуметтік нысандарға арнап орын бөлу жайын талқылауды жөн көрдік,-деді Ғ.Есқалиев.

 

Бұдан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары құрылыс компаниялармен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде келісімге келіп, салынатын көп қабатты үйлерден тұрғындарға қажетті нысандар ашудың жолдарын ұсынды.

 

 

- Қала әкімдігіне кем дегенде үш жылдың ішінде қай компания қай ауданнан көп қабатты тұрғын үй салатыны белгілі. Сол үйлердің болашақ тұрғындарына оңтайлы жағдай жасау үшін төменгі қабатта жекеменшік балабақшалар болғаны дұрыс. Сондықтан тұрғын үйдің жобалық құжаттамасы жасақталмас бұрын қала әкімдігі құрылыс компаниясы басшылығымен кездесіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірінші, екінші қабатынан балабақша жоспарлауды ұсыну шарт. Сонымен қатар сол балабақшаны жабдықтап, іске қосатын кәсіпкермендекүні бұрын келіссөздер жүргізілуі қажет. Құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған соң әкімдік аталған компаниядан балабақшаны бірден немесе 1-2 жыл ішінде сатып алуға келісімге отыруы керек. Бұдан соң сол балабақша келісілген кәсіпкерге белгілі бір мерзімге жарнаны төлеу арқылы беріледі. Тиісінше, компания балабақшаға арналған қабаттың шаршы метрін нарықтағы бағадан төмендетіп ұсыну керек. Екінші жолы жеке балабақша ашқысы келетін кәсіпкер құрылыс компаниясымен тікелей келісімге келіп, белгілі мерзімге жалға алуларына болады. Мұндай жағдайда қала әкімдігі жеке кәсіпкерге кепіл болып, үш жақты келісім шарт жасалады. Бұл тұрғын үй салушы компанияға да өте тиімді болмақ. Себебі төменгі қабатында балабақшасы, емханасы, полиция бекеті секілді әлеуметтік орындары бар үйге қызығушылар саны да артпақ. Сол арқылы пәтерге деген сұраныс өседі. Сондықтан осы ұсынысты қабыл алатын құрылыс компания мен әлеуметтік нысан ашам дейтін кәсіпкерлерменмемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында келісімге баруға дайынбыз,-деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

 

Сондай-ақ Ғ.Есқалиев бұл жобалардың жүзеге асуы арқылы облыс қаражатын біраз үнемдеу болатынын айтты. Оның айтуынша, тың жерден салынған балабақшаларға жер бөлу, жарық, көгілдір отын, ауыз су, жол секілді инфрақұрылымдарды тартуға қаржы шығындалмайды. Бұл жүйе құрылыс компаниясы мен жеке кәсіп иесі үшін де, ата-ана үшін де өте тиімді болмақ.