27 Наурыз 2019
1112

Нұр-Сұлтан – болашақтың қаласы

 

Елорданың жаңа атауға ие болуын батысқазқақстандықтар да қолдайды. Орал қаласындағы ҚазИИТУ ғылым-білім кешенінде өткен «Nur Otan» партиясының облыстық бастауыш партия ұйымдарының форумына қатысушылар астанаға Тұңғыш Президент-Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан атауын беру туралы тарихи шешімді қуаттайтындықтарын жеткізді. 

 

 

Форумды ашқан «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен қазіргі таңда Қазақстан халқының тарихи кезеңді бастан кешіріп жатқанын айтты.

 

- Өздеріңізге  белгілі, 1994 жылы ҚР Тұңғыш Президенті, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев астананы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы бастамасын еліміз егемендігін алғаннан кейін үш жыл өтпей жатып ұсынған болатын. Бұл шешімнің нақты стратегиялық шешім болғандығын  уақыттың өзі дәлелдеді, бүгінгі күні оған ешкімнің таласы жоқ. ҚР Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың Астананың атауын өзгерту туралы ұсынысы мерзімді және дұрыс шешім деп ойлаймын. Қазақстан астанасының атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту еліміздің саяси дамуындағы қалыпты жағдай. Ел астанасының атауын Нұр-Сұлтан деп ауыстыру үрдісі Ата Заңға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізілді, - деді Серік Кенжебекұлы.

 

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының басшысы Софья Ізмұхамбетованың пікірінше, Астананың атауын өзгерту сенсацияға айналдыратын немесе дабыра қылатын дүние емес. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді атам қазақ. Қазіргі таңда көркіне бүкіл әлем көз тіккен ару Астанамыздың әр ғимаратының сұлбасын қарындашпен сызып, жүрегінен өткізген, құрылыс жұмыстарының басы-қасынан табылып, Астананың алып шаһарға айналуына өлшеусіз үлес қосқан  Елбасы Н. Назарбаевтың еңбегіне көрсетілген зор құрмет деп білемін. Жаңаны жатсына қабылдайтынымыз рас. Сондықтан қоғамда түрлі пікірлердің туындауы заңды құбылыс. Алайда, тарих таразысы бұл шешімнің оң болғандығын айшықтайтынына сенемін»,-дейді «Өрлеу» бастауыш партия ұйымының төрайымы. 

 

Форумда сөз алған облыстық мәслихат хатшысы, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мәлік Құлшар, «ҚазИИТУ» бастауыш партия ұйымының төрайымы Айгүл Маратова, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Арген Ғұбашевтар Сарыарқаның төсінде бой көтерген бас қаланың құрылысында әр қазақстандықтың үлесі барын, соның ішінде Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі айрықша екенін атап өтіп, тарихи шешімді қолдайтынын жеткізді. «Нұр-Сұлтан» қаласының жастардың астанасына, болашақтың шаһарына айналатына сенім білдірді.