23 Наурыз 2019
334

Талдықұдықта ұялы байланыс орнатылды

 

Ауыл тұрғындарын мазалап жүрген өзекті мәселенің бірі ұялы байланыстың жоқтығы еді. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің бастамасымен Талдықұдық ауылына «Билайн» ұялы байланыс жүйесі орнатылып, іске қосылды. «Нұр» аналар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айсұлу Иманғалиева өңір басшысы Алтай Сейдірұлымен ұялы байланыс арқылы сөйлесіп, ауыл тұрғындары атынан шынайы ризашылығын жеткізді.

 

 

-Біз облыс және аудан әкімдерінен ұялы байланыс жүйесін орнатуға көмек сұраған едік. Сол өтінішімізді қабылдап, аудан басшысы өзінің басты назарында ұстап бүгін ауылға «Билайн» байланыс жүйесі іске қосылды. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Сол ауыл тұрғындары атынан Алтай Сейдірұлына, Абат Абайұлына шын жүректен зор алғыс білдіреміз, - дейді Айсұлу Иманғалиева.

 

Басқа да мəселелер бойынша Ұлыстың ұлы күні қарсаңында аудан әкімі Абат Шыныбеков бастаған аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев, «Нұр Отан» партиясы Қазталов аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мирлан Құсайыновтар Талдықұдық ауылында болып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік мәселелер жайында ұсыныс-пікірлерін тыңдап, ой бөлісті.

 

-Қадірменді ауылдастар баршаңызды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға береке, шаттық, қуаныш тілеймін. Бүгінде келудегі басты мақсатымыз «Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасымыз Н.Назарбаев әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлуді тапсырды. Соған орай түсіндіру жұмыстары айтып, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін көмек жайында жан-жақты түсіндіруді жөн көрдік. Талдықұдық ауылында өткен жылы жақсылықтар көп болды. С.Есетов атындағы орта мектепте мұражай ашылды. Енді, міне, ұялы байланыс іске қосылды. Бұл да - үлкен жұмыстардың бірі. Ауданымыздағы қай-қай жұмыс та ең бірінші қаржыға тірелетінін жақсы білесіздер. Сондықтан да ең алдымен байланысты шешуді жөн көрдік.

 

Талдықұдықтық ағайындардың тағы бір көтерген мәселесі ол ауылдық амбулаторияның "жедел жәрдем" көлігі еді. Ол да жақын күндері өз шешімін таппақ. Ал көгілдір отын мәселесіне қаржы бөлініп жатыр. Басталған іс еш уақытта аяқсыз қалмайды. Осымен тоқтап қалмаймыз. Ауданымызда атқарылатын жұмыстарды бірігіп атқаратын боламыз, - деді аудан басшысы.

 

Жиын барысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мирлан Құсайынов та әлеуметтік мәселелер жайында жан-жақты түсіндіріп өтті. Бауыр еті баласының болашағы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген көп балалы ата-аналарды қолдау шаралары елімізде 1 сәуірден бастап күшейтілмек. Елбасының бастамасымен қолға алынып, жүзеге асатын «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа ауқымды іс-шаралар кешені ең алдымен аз қамтылған отбасылар мен көп балалы жанұяларға қамқорлық көрсетуге бағытталмақ. Өз кезектерінде тұрғындар сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

 

Тұрғындар сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Жиын соңында Ұлыстың ұлы күніне орай «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік шара оздырылып, халқымыздың ат қою сияқты салт-дәстүрі көрсетіліп, ауыл өнерпаздарының тамаша ән кеші оздырылды.

 

Айта кетейік, Талдықұдықта бүгінде 735 тұрғын бар. Аудан орталығынан қашықта болғанымен, ел қатарлы тұрмыс кешіп келеді. С.Есетов атындағы орта мектебі, шағын орталығы мен Мәдениет үйі, кітапханасы тұрақты жұмыс жасауда. 2017 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауылдың орталығында футбол алаңы салынып, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағыты бойынша талдықұдықтық ағайындар ауылды көркейтуге өз үлестерін қосып келеді.

 

Сондай-ақ облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, көгілдір отын тарту жұмыстары басталып кетті.