28 Наурыз 2019
495

Мәслихаттың мерейтойы

 

Бүгін Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында ҚР Мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары мен ардагерлер қатысты.

 

-Тәуелсіз еліміз үлкен тарихи кезеңді бастан өткеруде. Мемлекетімізді азат ел ретінде қалыптастырған әлемдік деңгейдегі саяси қайраткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атқарған еңбегі тұтас бір тарихи кезеңді қамтиды. «Алдымен экономика, содан кейін саясат» ұстанымы өз жемісін беріп келеді. Экономикамыздың тұрақты даму ырғағы қалыптасқанына, еліміздің ішкі бірлігіне әбден көз жеткізген Елбасы өзінің тағдыршешті шешімімен, дәстүрлі сабақтастық ұғымын бәрімізге терең түсіндіріп берді. Себебі біздің ұлтымыздың табиғаты эволюциялық дамуға бейім.

 

Нұрсұлтан Әбішұлының еселі еңбегінің нәтижесінде еліміздің ішкі, сыртқы саясатымыз қалыптасып, шетелдік инвестициялар тартылып экономикамыз бой тіктеген 1995 жылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Мемлекеттің құрылымы түбегейлі өзгерді. Мәслихаттардың құрылуы сол өзгерістердің бастауы болатын.

 

Бүгінгі таңда әр деңгейдегі мәслихаттар  халық пен билік арасын берік жалғап, өңірдің дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған істерді келісе атқаруға арналған ашық алаңға айналды. Бұл құрылымның басты ерекшелігі – әр тұрғын өз атынан немесе сенім білдірген тұлғасы арқылы өз өңірінің немесе тұрғылықты жерінің түйіткілдерін шешуге атсалыса алатындығында, - деді облыс әкімі өз құттықтауында.

 

Сондай-ақ  Алтай Көлгінов ширек ғасыр ішінде атқарушы билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналып, ел игілігі жолында ортақ іске жұмыла қызмет атқарған түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарына шынайы ризашылығын білдірді.

 

Қазақстан Мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толуына орай бір топ ардагерлер, облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары ҚР Парламенті Сенатының Алғыс хатымен, Батыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің Алғыс хатымен және Батыс Қазақстан облысы мәслихатының Алғыс хатымен марапатталды. 1994 жылдан бастап, яғни елімізде түрлі деңгейдегі мәслихаттар жаңадан құрылған жылдары ең алғашқы шақырылымдарда атқарушы билікпен және халықпен етене еңбек етіп, елдің экономикалық-әлеуметтік ахуалын арттыруға үлес қосқан ардагерлерге көрсетілген құрмет ерекше болды.

 

Салтанатты шара облыстың өнер ұжымдары ұсынған концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

ФОТО: Темирболат Токмамбетов