28 Наурыз 2019
813

БҚО-да 2 ай тазалық жұмысы жүріп, 50 мың тал отырғызылады

 

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласы мен бірқатар басқарма басшыларының қатысуымен кеңес өткізді.

 

«Қар кетіп жер аяғы кеңігенде қардың астындағы қалдықтар шығып жатыр. Жыл сайынғы жағдай, сондықтан біз сенбілік ұйымдастырып, тазарту жұмыстарына мән беруіміз аса маңызды» деген облыс әкімі тұтас өңір бойынша екі айлық тазарту жұмыстарын жариялайтынын жеткізді. Оған қала әкімдігі мен мекемелер ұжымдары атсалысады. Екі ай ішінде қоқыстан тазалау, көгалдандыру және абаттандыру жүзеге асырылады.   

 

Биыл жастармен кездесуде Елбасының атап өткен «Жасыл қала – жасыл ауыл» жобасына қатысты өңірімізде 50 мың түп ағаш отырғызылады. Оның 10 мыңы облыс орталығын көркейтпек.

 

Облыс әкімі ерекше көңіл бөлген тағы бір мәселе – қардан кейінгі жолдардың жағдайы. «Облыс және аудан орталықтарында жолдарды жөндеуді сәуір айының ортасынан кешіктірмей ұйымдастыру қажет» деді, А. Көлгінов.