29 Наурыз 2019
744

«FLYARYSTAN» әуе компаниясы мамыр айынан өз жұмысын бастайды

 

2019 жылдың 2 мамырынан бастап FlyArystan әуекомпаниясы Алматы мен Орал қалаларын байланыстырып, тұрақты рейстерді орындамақ. Бұдан былай оңтүстік астана тұрғындары Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығына күнделікті 180 орындық Airbus A320 реактивті әуелайнерінде қатынайтын болады.

«Алматы мен Орал арасындағы 2500 шақырым жерге жер үсті көліктерімен кем дегенде 3 күнде жетуге болады. Яғни, дәл осылай туған-туыстарына қатынайтын екі қала тұрғындары бірнеше күндерін тек жолда жоғалтады. Енді еліміздің көрікті қалаларының бірі, Батыс өңірдің мақтанышы – Орал қаласына Алматыдан кез-келген күні, небәрі 2 сағатта жетуге болатыны бізді ерекше қуантады. Аталмыш рейс қарапайым отандастарымыздың арасында ғана емес, сонымен қатар жергілікті экономиканы аяққа тұрғызып жатқан қандастарымыздың арасында да жоғары сұранысқа ие болатына кәміл сенеміз», - деп мәлімдеді әуекомпанияның сату мен маркетинг бөлімінің директоры Жанар Жайлауова.

Алматы – Орал бағыты бойынша қатынайтын біржақты билет құны, әуежай алымдарымен қоса есептегенде 12 999 теңгеден басталады. Flyarystan.com сайтында сатылым 29 наурызда ашылып, жолаушыларға қосымша жолжүгі, борттағы тағамға тапсырыс беру, қалаған орынды таңдау сынды қызмет түрлері ұсынылатын болады.

Айта кетейік, 20 ақпанда облыс әкімі Алтай Көлгінов «FlyArystan» әуекомпанияның вице-президенті Паоло Ричиоттимен кездескен еді. Бұл компания Елбасының тапсырмасына сәйкес, төменгі бағамен ел ішінде әуе қатынасын жүзеге асыру мақсатында құрылған. Сол кездесуде жақында төмен бағамен Алматы-Орал, кейін Орал-Астана әуе рейістерін жүзеге асыру келісілген болатын.