29 Наурыз 2019
729

800 жұмыс орынын ұсынған жәрмеңке өтті

 

Бүгін Орал қаласында жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітіруші түлектерге және өзге де санаттағы жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті.

 

 

Айта кету керек, жастармен қатар бұл шарада екі қолға бір күрек іздеген  ересектер де келді. Жұмыс іздеген 600-ге жуық адамға қаладағы 33 ірілі-ұсақты  түрлі мекеме-кәсіпорын мен 12 ауданның жұмыспен қамту орталықтары 800-ге жуық жұмыс ұсынды. Облыстағы ірі өндіріс орындарының қатарында «Кублей» ЖШС, «Алтындар» ЖШС, «Талап» ЖШС секілді басқа да кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер бар.  Сонымен қатар шара  барысында «Дипломмен ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «ZhasProject» бағдарламалары, кәсіп ашу, тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктері жөнінде тегін кеңестер берілді. «Soft Skills» семинар-тренингтері ұйымдастырылды.

 

Жәрмеңкеге келген облыс әкімінің орынбасары  Ғабидолла Оспанқұлов  бұл шара  жастардың жұмыс берушілердің өздерімен тікелей сөйлесіп, сұрақтарына толық жауап  алуларына мүмкіндік беретінін айтады.

 

- Жұмыс іздеп жүргендердің көпшілігі қандай мамандардың көптен бері сұранысқа ие екенін білмейді. Сондықтан да мамандық таңдамас бұрын, еңбек нарығын зерделеп алған жөн.   Облыста арнайы құрылған комиссия жыл сайын ірі кәсіпорын басшыларынан  қандай мамандардың қажет екені, болашақта қандай мамандарды даярлау  керектігі  жөнінде сұрастырып,  сұраныстарын  қабылдайды. Бұл мәліметтер оқу орындарына жеткізіледі. Бүгінде колледж және ЖОО-ын еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауға бағыттау бойынша  жұмыстар жүргізілуде, - дейді облыс әкімінің орынбасары.

 

Биылдыққа бірінші рет өткен жәрмеңкені тоқсан сайын ұйымдастыру жоспарланған.