29 Наурыз 2019
900

Облыстың көктемгі су тасқынын алдын алу шаралары қабылдануда

 

Биыл облыста соңғы отыз жылда болмаған қар жауғаны белгілі. Қардың өткен жылдармен салыстырғанда 1,5-3 есеге дейін қалың түсуі салдарынан кейбір елдімекендерге жол жабылып, жолаушылар тасымалы мен мал азығын жеткізуде қиындықтар туындады. Облыста жедел штаб құрылып,  Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында төтенше жағдай жарияланды.

 

Ауа райының қолайсыздығынан облыстағы аутокөлік жолдары 129 рет жабылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен барлық коммуналдық мекемелер күшейтілген тәртіпте тәулік бойы жұмыс істеп, 900 бірлік техника мен 1700-ден астам жолаушы қар құрсауынан құтқарылды. Жалпы, қараша-наурыз айлары аралығында облыста барлығы 1,5 млн текше метр қар шығарылған. Мәселен, өткен 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 325 мың текше метрді құраған.

 

Көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарының кешенді атқарылуда. Бүгінде су қаупі бар 20 елдімекенін қорғау шаралары жүргізілуде. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев мәлімдеді.

 

- Бүгінгі таңда Жайық өзенінен басқа өзен-көлдерде әлі де болса мұз қабаты қозғалған жоқ. Шаған және Деркөл өзендерінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамының, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің күшімен 29 шаршы метрге жуық мұз бұрғыланып, 215 мың шаршы метр мұз қабаты кесілді. Оған қоса, 40 мың текше метрден астам еріген қар суы сорылып, шығарылды. Синоптиктердің болжауынша, облыста алдағы аптада жауын-шашынның мол қоры түспек. Сондықтан, жұмысты босаңсытуға болмайды,-деді облыс әкімінің орынбасары.

Брифингте сөз алған Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев төрт ай бойы шаһарда қар тазалау жұмыстарын жүргізген коммуналдық мекемелер мен ортақ іске мүдделілік танытқан құрылыс компанияларына, әскерилер мен еріктілерге ризашылығын жеткізді.

 

- Төрт ай бойы 400-ге жуық қызметкер, 350-ден астам арнайы техника күндіз-түні қызмет атқарды. Нәтижесінде қаладағы су басу қаупі бар 35 учаскедегі қарды тасып шығардық. Ветелки, Казенный пруд, Вишневая балка сияқты су тоғандары тазартылды. 92 шақырым арық аршылды. Шаһардағы қардың көптігінен қолданыстағы екі полигонға қосымша бес полигон ашылды. Қазір жетеуі де қаладан тасып шығарылған қардан толып тұр. Ескі қала, Курени, Екінші жұмысшы, Ет комбинаты, Жұлдыз, Ескі әуежай, Деркөл, Балауса шағын аудандарында еріген қар суы қолайсыздық тудыратын аумақтардан қар суын сорып шығару жалғасуда. Апта соңына дейін бұл жұмыстар аяқталады. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз,-деді қала әкімі.

 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтің айтуынша, көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталып, кезек-кезеңімен жүйелі жүргізілгендіктен қазір аумақтағы ахуал тұрақты.

 

-Ресейдің Саратов және Орынбор облыстарынан трансшекаралық өзендердегі су қоймаларының су жіберуі бойынша күнделікті ақпарат алынады. Жайық өзенінде күтілетін ең жоғары су деңгейі Орал қаласы және Көшім ауылы маңында 400-500 см (қауіпті деңгей – 850 см), Тайпақ ауылында 350-450 см (қауіпті деңгей – 850 см).  Сәуірдің 4-10 аралығында өзендерге су жіберіле бастайды. Ал Қараөзен мен Сарыөзендегі ең жоғары су деңгейінің болжамы мөлшерден артық болғанымен, қауіпті деңгейден төмен. Сарыөзен бойынша Ресей жағында су қоймаларында су деңгейі төмен,-дейді төтенше жағдайлар департаментінің басшысы.

 

Қазіргі таңда төтенше жағдайлар департаментінің Бөкей ордасы және Қаратөбе аудандарына бекітілген күштері басты қауіп төніп тұрған Бәйтерек және Тасқала аудандарына жұмылдырылған.