02 Сәуiр 2019
391

Егін егуге қажетті техника 97 % дайын

 

Бүгін БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихаты «Көктемгі далалық жұмыстарының дайындығы және өту барысы» тақырыбында болды. Осы тақырып аясында БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Умашев, «КазАгроҚаржы»АҚ БҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Амангелді Иманов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның БҚО филиалы директоры Ерлан Нысанғалиев журналистер қауыммен тікелей сұхбаттасты. 

 

 

Айталық, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Умашев көктемгі далалық жұмыстарға 4215 трактор, 4081 дәнсепкіш, 830 қопсытқыш және «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» маркалы 47 жоғары өнімді егіс кешендері қатысатындығын айтты. Сонымен қатар бүгінде тракторлардың 97%, дәнсепкіштердің 96%, қопсытқыштардың 97 пайызы жұмысқа дайын екендігін тілге тиек етті.

 

– Биыл меморандумға сәйкес барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 542,3 мың гектар құрауы тиіс, бұл 2018 жылдан 25 мың га, немесе 4,9 % артық. Нарықтағы сұранысқа және өндірістік тиімділігіне байланысты майлы дақылдар алқабы (18,2%-ға), картоп (2,4%-ға) және көкөніс-бақша дақылдарының алқаптары (7,5%-ға) ұлғаяды. Дәнді дақылдардың алқабы 265,0 мың гектар құрауы тиіс, оның 76,6 мың га күздік дақылдар өткен жылдың күзінде егілді. Тиісінше жаздық дәнді дақылдарды 188,4 мың га алқапқа егу жоспарланып отыр. Егіс алқаптарының құрылымына сәйкес жаздық дәнді дақылдар егу жоспарында жаздық бидай – 83,4 мың га немесе 44,3%, арпа – 85,0 мың га немесе 45%, тары – 4,4 мың га (2,3%) және басқа да дәнді дақылдар – 5,6 мың га (2,5%) болады деп күтілуде. Ағымдағы жылы мал азықтық дақылдардың егісі 202,5 мың га құрауы тиіс (2018 ж. – 175,7 мың га) оның ішінде біржылдық шөп - 41,7 мың га, сүрлемдік дақылдар - 0,6 мың га, көпжылдық шөп - 18,0 мың га. Өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптердің алқабы 142,2 мың га. Қар тоқтату жұмыстарын жүргізу қарқыны былтырғыдан жоғары болды. 2019 жылғы 22 ақпандағы жағдай бойынша қар тоқтату 35 мың гектарға жүргізілді, бұл 2018 жылдың сәйкесті кезеңінен 10 есе артық. Қар жамылғысының биіктігі сүрі жерлерде 43 см, сүдігерде 42 см, аңыздық алқапта 42 см құрады,- деді Денис Молдағалиұлы.

 

Облыс аумағында көктемгі дала жұмыстары басталар кезеңге топырақтың метрлік қабатындағы ылғалдану жағдайы топырақтың далалық төменгі ылғал сыйымдылығынан 55-73% немесе өнімді ылғал қоры 72-145 мм құрап, қанағаттанарлықтай болады деп күтілуде. Мемлекеттік сатып алулар нәтижесінде анықталған екі аккредиттелген («Казагрэкс» АҚ және «Орал-Жер» ЖШС) лаборатория тұқым сапасына тексеріс жүргізуде. Тексеріс нәтижесінде барлық дәнді дақылдар тұқымының егуге жарамды екендігі анықталды. Көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін облысқа 12 мың тонна (сәуірге - 2 мың тонна, мамырға – 6 мың тонна, маусымға – 4 мың тонна) дизель отыны керек. Бұл көлем бөлінді, жеткізуші оператор болып «Батыс Арна» ЖШС анықталды. Дизель отынының бағасы литріне 165 теңгені құрайды. «Казагроқаржы» АҚ бойынша техника лизингісіне 2900 млн. теңге қаралған, қазіргі уақытта шаруашылықтар 1050 млн. теңгеге 80 бірлік техника сатып алған. Ағымдағы жылы аталған бағдарлама бойынша жергілікті бюджеттен 69,0 млн. теңге бөлінген. Бөлінген қаржыға 1500 тоннаға жуық (2018 ж. – 1209,2 тонна субсидияланды) тыңайтқыш құнын субсидиялау жоспарлануда. Субсидияланатын тыңайтқыштар түрлері мен субсидиялардың нормалары облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген.