02 Сәуiр 2019
457

Ұл-қызыңыз қызылшаға қарсы вакцина алды ма?

 

2019 жылдың 1 сәуіріне өңірімізде 27 қызылша оқиғасы тіркелді. Алайда облыста қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты деп саналады.

 

 

Бұл туралы БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Облыстағы қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы» тақырыбында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов, Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәдениет Танауовтың қатысуымен баспасөз мəслихатында айтылды.

 

– Облыста 27 қызылша оқиғасы тіркелді. Ондай  жағдайлары Бөкей ордасы, Бәйтерек, Бөрлі, Сырым аудандары және Орал қаласында тіркелді. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 6 оқиға тіркеліп, үлес салмағы -22,2%-ды, бір жасқа дейінгі балалар арасында 4 оқиға тіркеліп, 50%-ды құрады, - деді Жайдар Құрманов. Оның айтуынша, облысымызда қызылша ауруын алдын алуға қажетті барлық іс-шара қолға алынған. Эпидемияға қарсы іс-шара жүргізу барысында жұқпалы ауру ошақтарында 736 қарым қатынаста болған тұлғалар анықталып, 52 адам қызылшаға қарсы егілген.

 

-2019 жылдың 1 сәуірінен бастап облыста қызылшаға қарсы екпе жүргізу ұйымдастырылды. Жалпы, қызылша – дене қызуының жоғарылауы, жөтел, мұрын бітуі, тамақтың ауруы және бөртпемен сипатталатын вирустық табиғатты жіті жұқпалы ауру. Қызылшаның белгілері, жалпы әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, мұрын бітуі, тамақтың ауыруы, жарықтан қорқу, көздің қызаруы, жас ағу (конъюнктивит), жөтел. Ал негізгі белгілері, бүкіл денеге бөртпе шығу; ақ (ұнтақ жарманың жиналуы сияқты) және ауыз қуысындағы қызыл дақтар. Қызылша пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынулармен қауіпті. Олар медициналық көмекке кеш жүгінгенде және ауыр қосымша аурулар болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін, -деп ескертті Жайдар Бисенбайұлы.

 

Мамандардың айтуынша, елімізде қызылшаға қарсы егу екі рет жүргізіледі. Біріншісі сәби 1 жасқа толғанда және екінші рет бала 6 жасқа жеткенде қызылшаға қарсы егіледі. Қызылшаға қарсы вакцинациялау үшін қызамық және паротитті компоненттермен біріктірілген (ҚҚП) қауіпсіз және тиімді вакцина қолданылады.

 

- Ата-аналарға өз баласының қызылшаға қарсы еілген-егілмегенін тексеріп,  вакцинация болмаған жағдайда қызылшаға қарсы профилактикалық тегін егісті алуды ұсынамыз. Қызылшаға қарсы әр түрлі себептермен егілмеген балалардың ата-аналарына түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуды, сауда-ойын-сауық орталықтарындағы ойын алаңдарына баруды шектеу қажет, - деді Жайдар Бейсенбайұлы.

 

Сондай-ақ, тұрғындардың назарына қызылша ауруы бойынша түрлі сұрақ туындаған жағдайда БҚО-дағы саll-орталықтардың телефондарына қоңырау шалуға болады: 8(7112)51-82-55, 8-747-760-57-04.