02 Сәуiр 2019
447

Оралдық оқушының ағылшын тіліндегі эссесі "Discovery Kazakhstan" жинағына енді

 

Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Мирлан Тналиев республика бойынша 9-12-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған ағылшын тіліндегі эссе байқауының сертификатына ие болды.

 

 

Мирлан «Discovery Kazakhstan» үздік эсселер байқауы үшін «Жастар – руxани жаңғырудың қозғаушы күші» тақырыбын таңдапты. Эссенің басты кейіпкері – АҚШ-та білім алып жатқан туған ағасы, Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Шымболат Тналиев.

 

–  Маған биылғы байқаудың тақырыбы өте қызықты болды. Содан оқырманмен өз ойымды бөлісейін деген шешімге келдім. Үш күн бойы эссенің құрылымын ойластырдық. Содан күнделік ретінде жазып шықтым. «Pride of our family» тақырыбындағы эссемде ағам Шымболаттың өмірлік ұстанымы, мақсатқа жетудегі жолдары баяндалады. Мен Шымболаттың бойындағы қасиетті өзгелер үлгі етсе екен деген мақсатты көздедім. Жалпы бұндай байқаулардың берері мол. Эссе жазудың құрылымын зерделеп, қиялыңды шыңдайсың, – дейді Мирлан.

 

Айта кетейік, аталған байқаудың мақсаты – Қазақстанды әлемдік қауымдастыққа таныту, шетел азаматтарын Қазақстанның мәдениетімен, дәстүрімен, табиғи-климаттық жағдайымен, әлеуметтік-саяси құрылымымен, экономикалық дамуымен, жетістіктерімен таныстыру, оқушылардың сана-сезімінің деңгейін және азаматтық позициясын айқындау.

 

Мирланға бағыт-бағдар беріп жүрген ағылшын тілінің мұғалімі Айнұр Лұқпанованың айтуынша, Мирланның тақырыбы, таңдап алған кейіпкері «Discovery Kazakhstan» жинағынан орын алуға лайықты. Өйткені, Зияткерлік  мектеп оқушылары –  қоғамды өзгертуге ниетті көшбасшылар. Бұл, әрине, оқырманға шабыт сыйлап, игілікке үндейді.