04 Сәуiр 2019
411

Жайық «Жасыл экономикамен» жанданады

 

Елімізде «Жасыл экономиканы дамыту туралы» тұжырымдаманың қабылданғанына бес жылдан асты. ҚР Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы Жарлығына сәйкес стратегиялық құжаттар әзірленіп, тұжырымдаманың негізгі бағыттары айқындалды. Басым бағыттардың қатарына жаңартылған энергия көздерін енгізу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігін арттыру іс-шаралары бар.

 

Елімізде жаңартылған энергия көздері – күн сәулесі, желдің күші, судың гидродинамикалық қуатын пайдалануға басым көңіл бөлініп жатыр. Ал дамыған мемлекеттер бұдан бөлек, геотермальді энергия, биомасса, биогаз және электр және жылу қуатын өндіруге пайдаланылатын органикалық қалдықтан жасалған отындар жасауға бет бұрғаны мәлім. «Қазақстан – 2050» стратегиясына сәйкес алдағы отыз жылда баламалы және жаңартылған энергия түрлері энерготұтынудың жалпы құнының  тең жартысынан кем болмауы тиіс. Облысымызда 2015-2020 жылдары энергия  үнемдеуге арналған өңірлік кешенді жоспар бекітілген.

 

308 күн панелі, 113 гибридті станса

 

 

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының энергетиканы дамыту бөлімінің басшысы Бейімбет Мусиннің дерегіне сү-йенсек, облыста 79 фермерлік шаруашылық орталық электр жабдықтау жүйесіне қосылмаған. Бүгінге дейін фермерлік шаруашы-лықтар жеке қаражаты есебінен 308 күн генераторын, соның ішінде былтыр 158 күн панелін сатып алған. Шаруалар жел генераторы мен күн панелі біріктірілген 113 модульді гибридті стансаның (МГС) күшін құдықтан жер асты суын тартуға пайдалануда.

 

2018 жылғы 23 шілдеде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» №317 бұйрығы жарияланды. Субсидиялау қағидаларына сәйкес қуаттылығы 2 киловаттан кем емес аккумуляторлы батарейімен, құрал-жабдықтарымен бірге берілетін күн панелдері мен модульді гибридті сорғы стансасын сатып алу құнының 80%-ы иесіне қай-тарылады. Сондай-ақ электр жа-рығы жоқ елді мекен тұрғыны жаңағы техниканы сатып алған жағдайда, оған бюджет қаражаты есебінен күн стансасының жарты бағасына тең атаулы көмек тағайындалады екен. Облыста әзірше бұл жеңілдікке жеке тұтынушылар қызығушылық танытпаған.

 

Күн панелдері мен МГС-ты сатып алудан Жәнібек, Бөкей ордасы, Ақжайық аудандары алдыңғы орында. Ал Шыңғырлау ауданы-ның шаруалары бүгінге дейін екі түрін бір данадан ғана сатып алыпты. Шыңғырлаумен аумақ көлемі және халық саны шамалас Қаратөбе ауданында шаруа қожа-лықтары төрт станса мен 18 күн генераторына қол жеткізген.

 

– Ауыл шаруашылығы саласына инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидасы 2015 жылы енгізілді. Алайда жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал шаруашылығын сумен қамтамасыз ету мақсатында құдықтағы суды көтеру үшін баламалы энергия құрылғылары 2017 жылы алына бастады. Жаңа технологияның елді мекеннен қашық орналасқан қыстақтар мен жайлауда құдықтағы суды тартуға және үйді жарықпен қамтуда пайдасы мол. Электр желісін тартқаннан гөрі бұл құрылғылар экологиялық жағынан да, экономикалық жағынан да тиімді. Ауданы-мыздың шаруа қожалықтары бүгінге дейін 85 күн батареясы мен 40 гибридті стансаны сатып алды, – деді Жәнібек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әнуар Қарағойшин.

 

Ақжайық аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Сердалиннің айтуынша, былтыр шаруалар 24 модульді гиб-ридті станса мен 13 күн панелін іске қосқан. Модульді гибридті станса күн сәулесінен әрі желден қуат алады. Бір стансаның құны – 4,2 миллион теңге. Қожалық иелері әр станса құнының 80 пайызына инвестсубсидия  қаржысын алған. Қос қондырғыны сатып алған қожалықтар да бар. Дегенмен баламалы қуат көзіне ие болғаннан кейін бәрінде дерлік шаруалары шалқып сала бермеген. Кейбір малшылар сапасыз құрылғыны сатып алып, сан соғып қалғанын айтты.

 

 – Модульді гибридті стансаның 3 миллион теңгесі үкімет тара-пынан субсидияланды. Бірақ былтыр жазда іске қосылған құрылғы өз құнын ақтамады. Стансаға Қытайдан шығарылған аккумулятор батарейін орнатып қойыпты. Мұндайда «делдалдар» мейлінше пайда табатын секілді. Қуаттылығы 7 кВт деп айтты. Шын мәнінде, қуаттылығы 4 кВт-қа жетер-жетпес. Қыстақ үйі ішіндегі тұрмыстық техникаларды қосуға, құдықтан су «тартуға» күші жетпейді. Ал аккумуляторы Германиядан жасалған генераторлар кәдеге жарап жатқан көрінеді, – деді Ақжайық ауданы Ақсуат ауылдық округіндегі «Мұқадес» шаруа қожалығының жетекшісі Ақылбек Сағитов. «Мұқадес» ШҚ округ орта-лығынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан.

 

Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылдық округінде мал өсіріп отырған Айбек Әміров құрылғының бағасы тым қымбат екенін әрі техни-калық жағдайы орташа деңгейде екенін тілге тиек етті. «Стансаның қуаттылығы – 3,5 кВт шамасында, есесіне «неміс» аккумуляторы сапалы. Даладағы қыстағымның жарығын қосып, теледидар көре аламын. Стансаның жарамдылығына бір жылға берілген кепілде-ме мерзімі таяуда аяқталады», – деді шаруа. 

 

Әлі де импортқа тәуелдіміз

 

 

Өзге өңірлердегі секілді Батыс Қазақстан облысында да электр және жылу қуатын үнемдеу, тиімді пайдалануға қатысты қордаланған мәселелер әлі күнге өзекті күйінде. Мәселен, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бейімбет Мусин-нің мәліметінше, облыста «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ 20 397 шақырым электр желісін, 152 төмендеткіш, 3043 трансформатор қосалқы стансасын күтімге алған. Ұзақ жылдар бойына үздіксіз пайдалану әсерінен электр тасымалдаушы желілер мен қосалқы станса-лардың 78,9 пайызы тозған. Бұл электр қуатын үнемдеу және тиімді сақтауға елеулі кедергі жасай-тыны анық.

 

Облыста «ҚПО б.в.» компания-сы, «Жайықжылуқуат» АҚ, «Орал газтурбиналы электр стансасы» ЖШС, «Жайықмұнай» ЖШС және «Батыс Пауэр» ЖШС электр қуатын өндіреді. Еліміз егемендік алғанға дейін өңіріміздегі электр қуатына қатысты ресейлік импорттың көлемі 95 пайызды құраған. Сол кезеңде 1960 жылы іске қосылған қуаттылығы 35МВт Орал жылу-электр орталығы ғана жұмыс істеді. Тәуелсіздік жылдары құны қымбат ресейлік импорт үлесін азайту бағытындағы іс-шаралар басталды. Қарашығанақ кен орны игеруге қатысты «ҚПО б.в.» компаниясы қуаты 160 МВт газтурбиналы стансаны іске қосты. Оның 40 мегаваттық қуаты облыс жұртшылығы пайдасына жұмсалатын болды. Соның әсерінен импорт үлесі 44 пайызға дейін кеміді.

 

2006 жылы Елбасы қол қойған Киот келісімі аясында Орал жылу-электр орталығына 28 мегаваттық «Hitach» Н-25 газтурбиналы қондырғысы орнатылып, электр қуаты импортының көле-мі 17 пайызды құрады. 2011 жылы қуаттылығы 54 MBт ГТЭС пен «Жайықмұнай» ЖШС-ның қуаттылығы 42 МВт газтурбиналы қондырғысы іске қосылып, импорт үлесі 4 пайызға дейін азайды. Индус-трияландыру картасының ауқымында 2016 жылы «БатысПауэр» ЖШС-ның іске қосу кешенінде қуаттылығы 100 МВт ГТЭС-200 стансасы жұмысын бастады. Бұл электр стансасы ресейлік импорттың 1,7 пайызға дейін азайып, тіпті еліміздің басқа облыстарына бағасы арзан және экологиялық таза электр қуатын экспорттауға мүмкіндік берді.

 

2013 жылы облыста электр қуатын тұтыну 123,6 МВт болса, былтыр 135 МВтты құрады. Бес жыл ішінде тұтыну көрсеткіші 8-9 пайызға көбейді. Қазіргі кезде шалғайдағы Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарындағы елді мекендерге Ресей Федерациясынан берілетін электр қуаты импортының үлесі 2 пайызды құрап отыр. Аталған аудандарда электр қуатын өндіретін станса салуға техникалық мүмкіндік жоқ екенін де айта кету керек.

 

Желіні жаңғыртуға миллиардтаған қаржы қажет

 

Өңірімізде электр қуатын таратумен «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ, «АқсайгазпромЭнерго» АҚ, «Орал электржабдықтау дистанциясы» АҚ, «Kegoc» АҚ-ның Орал аумақтық электр желілері кәсіпорындары айналысады. Осының ішінде «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ жоғары вольтті желілер қызметін, электр техникалық, релелік қорғаныс және автоматика, оқшаулау мен асқын кернеуден қорғау қызметін жүзеге асырады. Жарғылық капиталындағы мемлекеттік акция пакеті 100% болатын бұл компания «Qazaq Energy энергетикалық компаниясы» ЖШС-на бес жылға кейін сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген. Серіктестіктің қалалық филиалы және 16 аудандық электр торабы бар.

 

– Біздің компания электр энергиясын өндіру көзінен тұтынушыға дейін жеткізеді. Елімізде 2016-2020 жылдарға арналған бес-жылдық шектеу тарифі бекітілгені белгілі. Қазіргі кезде электр желі-лері мен қосалқы стансалардың, трансформатор пункттерінің то-зып, ескіруі 79 пайыз болып отыр. Тарифтермен қаржы құйылатын инвестбағдарлама ауқымында былтыр 543 млн. теңгеге электр шаруашылығы бойынша жөндеу жұмысын жүргіздік. Жоғары вольтті 789 шақырым әуе желісі жөнделді. Аудандық электр тораптары-ның жұмыс бригадалары 10 кВ әуе желісі бойындағы 445 тозығы жеткен тіреудің орнына темір-бетонды бағандарды ауыстырды. 20 шақырым жалаң тоқ сымдарының орнына оқшауланған сымдар (СИП) тартылды. Биыл жөндеу жұмысына 321 миллион теңге қаржы қаралды. Жыл сайынғы жаңғыртуға бөлінетін қаржы ауқымы осындай мөлшерде. Мұндай көлемдегі қаражат жыл сайын тозығы жеткен инфрақұрылымның тек екі-ақ пайызына ғана жетеді. Яғни, теңізге тамған тамшы ғана секілді. Тіпті кәсіпорын қарауындағы техникаларымыздың өзі тозған. Көпшілігі өткен ғасырдың 80-жылдарында пайдалануға берілген. Инвестбағдарлама қаржысына жаңа техника алу қарасты-рылмаған, – деді «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы-директор Ералы Сырбай.  

 

Компания жыл басынан бері электр қуатының әр кВ/сағатына төленетін 5,37 теңгені биыл 5,01 теңгеге арзандатқан. Бірақ серіктестік мойнында батпан мәселе бар. Тәуелсіздік жылдары Ресейден импортталған электр қуатына өңірдегі тұтынушылар тарапынан қордаланған қарызды ел үкіметі өтеген. Серіктестікке осы қарызды 2018 жылдың қазан айынан бастап төлеу міндеттелген. Компанияның үстемеақысы өсіп жатқан қарызды қайтаруға қауқары жоқ. Және жеке тұтынушылардан алынуы тиіс коммуналдық төлем өтемін қайтаруды мойындамайтындарын айтқан. Соған байланысты ҚР Қаржы министрлігі бережақты өндіруге қатысты сот процесін бастаған.

 

– Облыс әкімдігі түрлі мекеме ұйым меншігіндегі құны 5,2 млрд. теңгені құрайтын электр желілерін күтімге алуды ұсынып отыр. Олардың күтіміне жыл сайын 240 млн. теңге қажет. Егер осы қаражатты төлеп тұрса, электр желілерін сенімгерлік басқаруға аламыз. Сонымен қатар құны 81 миллион теңге болатын қараусыз қалған электр желілерін күтімге алуға құжаттарын қабылдап жа-тырмыз. Биыл Жәнібек ауданы әкімдігіне электр желілері мен стансалар, трансформатор пункттерін бір жылға күтімге алу сметасы 23 миллион теңге құрайтынын айтып, ұсыныс хат жолдадық. Аудан әкімі Азамат Сафималиев бюджеттен бар болғаны 3 милли-он теңге бөлгенін айтып отыр. Оған келісім бермейміз. Оның қасында Қаратөбе ауданы әкімдігі 8 миллион теңге қарастырған. Нарық талабына сәйкес тиісті қаражатты бөлдіртуге белді бекем будық. Компанияның материалдық-техникалық базасын көтеру керек. Бес жылдан кейін электр қуатын жеткізетін инфрақұрылымның тозуы 90 пайызға жетпек. Оның алдын алу үшін электр желілері мен нысандарын жөндеуге жыл сайын 17 млрд. теңге қажет. Энергия өндіруші көзден алынған тоқ электр желілері бойымен тұтынушыға жеткенше 16 пайызын жоғалтады. Электр шеберлерінің жалақысы өте аз. Мамандар қат,  – деді Ералы Сырбай.

 

1990 жылдары электр желі-лерінің құрылысы күрт төмендеп, жаңадан жүргізілмегендіктен, қазіргі кезде электр торабы жүйесі өте тозған. Әсіресе, электр қуатының жиі өшуі жағдайының 40 пайызы бағандар басындағы тоқ сымдарына мұз қатып, жел соғып, үзілуінен болады екен. Электрдің әуедегі желілерін жаңғырту және қайта жөндеу мәселесі өте өзекті. Ал облыста жаңа құрылыс нысандарының да көбеюі болашақта энергия қуаттылығын арттыруға сұраныс туғызатыны анық.

 

Сараланған тариф – үнемді

 

«Батыс Энергоресурсы» ЖШС-ның бас директоры Дина Галиметденованың айтуынша, энергетикалық ресурстарды тиімді пайдаланудың оңтайлы шешімін табуды көптеген мемлекет стратегиялық тапсырма ретінде кешенді қарастырып отырады. Дегенмен қарапайым тұтынушылар тұрмыстық деңгейде энергия тиімділікті арттыруға үлес қоса алады.

 

– Біздің серіктестік – облыстағы ең ірі энергиямен жабдықтаушы және электр энергиясын кепілді жеткізуші ұйым. Жылына 700 млн. кВт/сағат электр қуатын өткіземіз. Компания 8,6 мың заңды тұтынушыға және 191 мың тұрмыстық тұтынушыға қызмет етеді. Орташа есеппен алғанда, тұтыну көлемі тәулігіне 2 млн. кВт/сағатты құрайды. Энергиямен жабдықтау бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында электр қуатын тұтыну көлемін есептеу сараланған тарифпен жүргізіледі. Бұндай тарифтер ұтынушылар қаражаты мен қуаттың үнемделуіне, әлеуметтік әділеттіліктің сақталуына негіз болады. Электр энергиясын ұтымды қолданған жағдайда көлем бойынша сараланған тариф көлемі әр отбасы шығынын азайтады. Біздің серіктестік мектептерде энергияны үнемдеу тақырыбында акциялар өткізеді. Қызықты ойын түрінде балаларға электр қуатын үнемдеудің әдістерін түсіндіреді, – деді  Дина Галиметденова.

 

Оның сөзінше, компанияның шығындары 585 млн. теңге құрады. Бұл мәселе соңғы жылдары тарифтің көтерілмеуіне байланысты қалыптасып отыр деп есептейді серіктестік басшысы. Соңғы бес жылда электр қуатының өзіндік құны 48%-ға өсті. 2014 жылы қосымша құн салығын қоспағанда 1 кВт/сағатқа 6,67 теңгеден баға тағайындалса, былтыр 10,15 теңгені құрап, баға 52% өсімді көрсетті. Тасымалдау бойынша шығындар 2014 жылы ҚҚС қоспағанда 3,69 теңгеден есептік мерзімде 5,34 теңгеге  жетіп, 45%-ға артты. Өткізім үстемесінің өзі 18%-ға өскен.

 

Президент тапсырмасына сәйкес 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, өңіріміздегі энергия өндіруші біраз кәсіпорынның шекті тарифтері төмендетілді. Сондай-ақ биыл Қазақстан Республикасына электр қуаты нарығы енгізілді. Соған сәйкес «Батыс Энергоресурсы» серіктестігі «Жаңартылған энергия көздерін қолдану жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС-дан электр энергиясына дайындықты қамтамасыз ету үшін қызметтерді (жылына 900 млн. теңге) сатып алуға міндетті. Оның үстіне, облыста энергиямен жабдықтаушы бірнеше кәсіпорын бар. Олармен бәсекелестік жыл сайын артып келеді. Экономикалық қиын-дықтарға қарамастан, Елбасы тапсырмасын орындау бағытында аталған серіктестік қаңтар айынан бастап тұрғындар үшін тарифті 10%-ға төмендетті.

 

«Батыс Энергоресурсы» ЖШС-ның бас директоры Дина Галиметденова компания сайтында «Тұтынушы күнделігі» жариялан-ғанын айтты.  Екі жыл бұрын компания бастамасымен жарық көрген күнделікте электр энергиясын тұрмыстық жағдайда үнемді қолдануға болатыны туралы пайдалы кеңестер мен қауіпсіздік ережелері жинақталған және ақпараттық анықтамалық ретінде ұсынылған. Онда электр қуаты, су және жылуды ұқыпты әрі үнемді пайдалану арқылы коммуналдық төлемдердің үштен бір бөлігін азайтуға болатыны жазылған.

 

Оралда энергия үнемдеуші шамдар орнатылуда

 

Облыста «БатысЭнергоАудит» ЖШС он жылдан астам уақыт энергетикалық сараптама, энергия аудитін және электр техникалық өлшем жасау, өнеркәсіп қауіпсіздігін саралау бойынша жұмыс-тарды жүргізу және тәуелсіз баға беруді жүзеге асырып келеді. Осы орайда «БатысЭнергоАудит» ЖШС-ның бас сарапшысы Бародус Из-делеевтің пікірін сұрадық.

 

 

– Электр және жылу қуатын үнемдеуге көңіл бөлу қажет. Өндіріс орындары экологияға зардап әкелуде. Және отын есепсіз жұмсалмауы тиіс. Энергияны сақ-тау нәтижесінде атмосфераға таралатын улы зат азаяды. Дамыған елдерге қарағанда біздің мемлекетте энергия шығындау бірнеше есе көп. Финляндия, Швеция, Норвегияда 1 шаршы метрге, орта есеппен алғанда, 128 кВт/сағат қуат жұмсалса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 250 кВт/сағатқа тең. Сол себепті еліміздегі құрылыс саласында энергия сақтайтын шикізатты пайдалануды талап ету жылдан-жылға күшеюде. Қалалардың көбінде жылу-электр орталықтары 67 пайызға тозған. Орталықтардың электр қозғалтқышта-рының, құрылғылардың пайдалану мерзімі ширек ғасырдан асып кетті. Жылу қуатын тасымалдайтын құбырлардың сыртынан қымталатын материалдардың нашарлығынан магистраль желілері энергияны көп жоғалтады. Бұрын жылу сақтау үшін құбырларды орауға минералды мақталар қолданылса, енді көбікті полуретан пайдаланылуда. Ескі жылу құбырларында қуаттың жоғалуы 20-25%-ға дейін жетсе, зауыттарда көбікті полуретанды жылу оқшаулағышпен және полипропиленмен жабдықталатын құбырлар бұл шығын-ды 10%-ға, яғни екі есе азайтады. Бірақ бұл материалдардың құны өте қымбат, – деді Бародус Изделеев.

 

Сарапшының айтуынша, кеңестік кезеңде электр желілері мен қосалқы стансалар, трансформаторлар ірі шаруашылық орталықтарының экономикалық дамуына есептеліп салынды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында шаруашылық құрылымдары тарап, елді мекендердегі халық саны сиреді, кейбір ауылдар иесіз қалды. Есесіне, далада тұрған қуаттылығы орасан трансформаторлар жүктемесі азайғандықтан, реактивті тоқ пайда болып, электр қуаты шамадан тыс жұмсалуда. Бейнелеп айтсақ, ханды үйіне шақырған Қожанасырдың мосыға шәугімді биік іліп, су қайнататынын еске түсіреді.

 

«БатысЭнергоАудит» ЖШС-ның бас сарапшысы Бародус Изделеев кезінде Орал қаласының көшеле-рін жарықтандыру бойынша техникалық аудит жүргізілгенін айтты. Аудит жүргізген мамандар әкімдікке көшелер бойына энергия үнемдейтін шамдарды орнатуға ұсыныс жасаған. Сарапшының сөзінше, қарапайым жарық шамдарына қарағанда, энергия жарықдиодты шамдарға он есе, сынапты және люменисцентті шамдарға екі есе  аз  жұмсалады.

 

Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Орынбасар Бисенғалиевтің айтуынша, Орал қаласының көше жолдары желісінде 18 мыңнан астам жарық беру нүктесі бар. Оның  25%-ы, яғни 5 мыңға жуығы – жарықдиодты, 75%-ы – ескі шамдар. Ең алғаш 2014 жылы Еуразия даңғылы бойындағы жарықдиодты шамдары бар 248 баған орнатылған. Әр бағанда екі шамнан. Оның бірі көше жолына, енді бірі жаяу жүргіншілер жолына сәуле түсіреді. 2015 жылы Назарбаев зияткерлік мектебі аумағында 50 жарықдиодты шам орнатылған. Бұл жұмыс 2017 жылы жалғасын тапқан. 2018 жылы 16 нысан бойынша жарықдиодты шамдар орнату жоспарланды. Оның ішінде алты жобаны «ҚПО б.в.» компаниясы жүзеге асырды. Жобалар бойынша Достық даңғылы, М. Ықсанов және Сарайшық көшелері және әуежайға апаратын үш аутожол учаскесі бойынша күн сәулесінен қуат алатын компобелгілер қойылып, жабдықтау жұмыстары аяқталды. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қалған 8 жоба жүзеге асырылады. Екі жобаны орындауға бюджетке өтінім берілген. Одан бөлек МЖӘ ауқымында 10 952 энергия үнемдеуші шам орнату жоспарланды.  Бұл жобалар көше жарығы жүйесінде энергия тұтыну тиімділігін 50-75%-ға дейін арттырып, аутокөлік апатының алдын алуға, қылмыстың ашылуына, тиынына дейін санаулы бюджет қаражатын үнемдеуге әсер етеді.

 

Облысымызда жылу үнемдейтін материалдар шығаратын компаниялар бар. Олардың бірі – құрылыс саласында 55 жылға жуық тәжірибесі бар «Стройкомбинат» ЖШС. Кәсіпорын тығыздығы 250-450 кг/м3 керамзитті гравий мен тығыздығы 300-800 кг/м3 керамзитті қиыршық тас (щебень) өндіреді. Керамзитті гравий ғимарат жылуын сақтауға әсер етеді. Компания керамзитбетоннан қабырғалар мен түрлі маркідегі іргетас блоктарын, темірбетонды тақталарды құяды. «Стройкомбинат» биыл 0,38-20 кВ кернеулі әуе электр желісін таратуға арналған темірбетонды тіреулер жасауды бастады. Сонымен қатар құрылға-нына жиырма жылға жуықтаған «Стеклосервис» ЖШС 2010 жылдан бастап шыны пакеттер өнді-рісін ұлғайтты. Шыны пакет – өз ішінен бірнеше кеңістікке бөлінген герметикалық өнім. Кеңістік құрғақ ауамен немесе тапсырыс беруші өтінішімен жылуды аз өткізетін газдармен толықтырылады. Шикізат ғимарат ішіндегі жылуды сақтайды және дыбысты бәсеңдетеді. Әйнек құрамына қарай шыны пакеттер жалпықұрылыс, қуат сақтауға арналған және күннен қорғайтын, дыбыс оқшаулайтын болып және тағы басқа түрлерге бөлінеді. Бір материал бірнеше қасиетін сақтауы мүмкін.

 

Түйін

 

 

Дамыған мемлекеттер «жасыл» технологияларды қолдану, энергия үнемдеу, коммуналдық шығындарды азайту мәселесін кешенді қарастырады. Қазіргі кезде Оңтүстік Корея, Германия, Жапония елдері экологиялық таза технологиялар ойлап табудан, үнемшілдік қағидатын ұстанудан көш бастайды. 

 

– Біз «жасыл» экономиканы дамыту болашақты инвестициялау екенін тура мағынасында ұғынуымыз қажет. Еуропа елдерінде жылыту жүйесіне коммуналдық төлем өте қымбатқа шығады. Пәтерді жылыту үшін электр қуатын жұмсайды. Сондықтан шетелдіктер үйден шыққанда жылыту құрылғысын өшіреді немесе смартфон арқылы бөлме температурасына қарай жұмсалатын шығынды бақылауға алады. Еуропада «Тісіңді тазаласаң, су шүмегін жауып қой» деп бала күннен үйретеді. «Тұманды Альбион» елі атанған жаңбырлы маусымы көп Англияның өзінде тұрғындар беті-қолын жуатын суға дейін қатаң үнемдейді, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының энергетиканы дамыту бөлімінің басшысы Бейімбет Мусин. Ал «Жайықжылуқуат» АҚ-ның өндірістік-техникалық бөлім басшысы Болат Батаев қала халқы игілігіне қызмет етіп тұрған жылу магистралі құбырлары сыртына қапталған оқшаулағыш материалдарды ұрлау тыйылмай тұрғанын айтты. Биылдың өзінде 300 метр жылу оқшаулағыш материал қолды болған.

 

Елімізде инженерлік желілер-дің тозуы өзекті мәселе екенін айттық. Жылуды жоғалту табиғи монополиялардың қолданыстағы тарифтерді көтеруіне әсер етеді де, халықтың коммуналдық қызметке төлемақысы қымбаттап, тұтынушының қалтасына соғады. Мамандар тұрғындар мейлінше энергия үнемдейтін тұрмыстық заттарды қолдануға бейімделу керектігін айтады. Жалпы, электр энергиясына сараланған тариф енгізу арқасында 2010 жылы жалпы Қазақстан бойынша 2 миллиард теңге немесе 248 миллион кВтс үнемделген. Былтырғы қараша айында болған Үкімет отырысында энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыру жобаларын іске асырудан түсетін жыл сайынғы үнем 3,5 млрд. теңге құрайтыны мәлім болды. Жиында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев электр желілерінде шығындарды азайтудың басты шарасы – ірі энергия кәсіпорындарын электр қуатын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесімен қамту екенін айтқан еді.

 

Баламалы қуат көздерін дамыту үшін өңірлер табиғи ресурстарды пайдалануды қарастырып жатыр. Сарапшы Бародус Изделеев желдің күші секундына 5-6 метрге жетсе, оның қуатын пайдалануға болатынын айтты. Оның сөзінше, Орал қаласы маңындағы Желтау аумағын станса салуға қолайлы аймақтың бірі ретінде зерттеп көруге болады. Ақ Жайық өңірі де «жасыл» технологияны дамытуды назардан тыс қалдырмасы анық. Ол үшін күн сәулесінен қуат алатын стансалар салып үлгерген оңтүстік өңірлер тәжірибесін терең зерделеу  керек  деп  есептейді  маман.

 

«Тұтынушы күнделігінен» 10 кеңес:

 

  1. Екі тарифті есептеуіш құралын орнатыңыз. Мұндай есептеуіш құралымен түнгі уақытта (сағат 23.00-ден 7.00-ге дейін) электр энергиясы үшін төлем жүргізу күндізгіге қарағанда екі есе арзан. Егер де сіз «үкі» болсаңыз және кеш ұйықтайтын болсаңыз, мұндай шешім сіздің біраз ақшаңызды үнемдейді. Сонымен қатар тәулік бойы жұмыс істейтін тоңазытқышқа пәтер бойынша жалпы пайдаланылатын энергияның төрттен бір бөлігі жұмсалады. Екі тарифті төлеу жүйесі оны ұстау ауыртпалығын азайтады.
  2. Үйден шығарда жарықты өшіріңіз. Статистика бойынша электр энергиясының 30%-ы бос бөлмелерді жарықтандыруға жұмсалады.
  3. Электр шамдарын шаңнан тазартыңыз. Шаңнан тазартылған шам жарықты 10-15%-ға мол береді.
  4. Қабырға мен төбені ашық түске бояңыз. Теп-тегіс ақ түсті қабырға сәуленің 80%-ын шағылдырады – бұл жарықты үнемдеуге мүмкіндік береді. Салыстырсақ, қою жасыл түс жарықтың 15%-ын, қара – 9%-ын қайтарады.
  5. Қыздыру шамдарын энергия үнемдеуші және жарықдиодты шамдармен ауыстырыңыз. Энергия үнемдеуші шамдар күнделікті үйреншікті қыздыру шамдарынан 10 есе қымбат тұрады, бірақ ұзақ қызмет етеді және энергияны 4-5 есе аз тұтынады. Жарықдиодты шамдар энергияны қыздыру шамынан 10 есе аз тұтынады, бірақ бағасы энергия үнемдеуші шамынан бірнеше есе артық. Кәдімгі қыздыру шамдарының орташа қызмет ету мерзімі – 1000 сағат, ал люминесценттік шамдікі – 15 есе көп. Шам ауыстыру дегенді 3 жылға ұмытуға болады.
  6. Электр аспаптарын күту режимінде қалдырмаңыз. Тұрмыстық аспаптар күту режимінде де энергия жұмсайды. Егер теледидар үнемі розеткаға қосылып тұрса (және шамы жанып тұрса) – сіз жылына 1250 теңге артық төлейсіз.
  7. Компьютерден бір сәт демалған кезде оны «ұйқы режиміне» ауыстырыңыз немесе мониторды өшіріңіз. Жүйелік блокты жиі өшіру компьютерге пайдалы емес, бірақ ұйқы режиміне ауыстыру техникаға зиян келтірмейді. Жұмыс істеп тұрған компьютер 350 Вт/сағ энергия жұмсайды, ал «ұйқы режимінде» 10 есе аз жұмсайды.
  8. А++ класты тұрмыстық техниканы қолданыңыз. А++ класты тұрмыстық техниканы энергия жұмсау жағынан алғанда – ең үнемдісі. Шаңсорғыштың шаң жинау қабы үштен бір бөлігіне толған кезде сору 40%-ға төмендейді, сәйкесінше, осы көлемге электр энергия шығыны өседі. Кір жуғыш машинасының оңтайлы пайдаланудың маңызды шарты – кірді максималды жүктеуден асырмау. Сонымен бірге кір жуғыш машинасын жартылай жүктеуге де жол бермеу керек, бұл жағдайда электр энергиясының шығыны 10-15% құрайды.
  9. Табиғи жарықтан бас тартпау керек. Ақшыл перделер, ақшыл түсқағаздар және төбе, таза терезелер, терезенің алдындағы орташа санды гүлдер пәтер мен кеңсенің жарықтандыруын арттырады, сонымен қатар шамдардың қолдануын азайтады. Шаң басқан терезелер табиғи жарықтандыруды 30%-ға азайтатынын еске сақтау қажет.
  10. Тоңазытқышты дұрыс орнатыңыз. Тоңазытқыш – үйлеріміздегі ең басты электр энергиясын тұтынушылардың бірі. Егер үнемдегіңіз келсе, оны жылыту батареясы немесе пештің қасына қоймаңыз. Егер тоңазытқышты температурасы 300С жететін бөлмеге қойсақ, онда электр энергияны пайдалану деңгейі 2 есе өседі.