05 Сәуiр 2019
277

Оралдағы зияткер шетелдік 11 оқу орнының грантын жеңіп алды

 

Оралдағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Алина Молдағалиева АҚШ пен Гонконгтың 11 жоғары оқу орнынан шақырту алып отыр.

 

        

 

«Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер оқушының таңдауы АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Drexel университетіне түсіпті. Талапты жас химиялық инженерия мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежесін алып шықпақ.

        

– Зияткерлік мектептің маған берген мүмкіндігіне зор жауапкершілікпен қараймын. Мен иеленген 11 оқу грантының алтауы толық грант болса, қалған университеттер оқуға жеңілдік ұсынды. Мен таңдаған Пенсильвания штатындағы Drexel университетінің бір артықшылығы – 1-курстан бастап компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Келешекте Отаныма келіп, химиялық инженерия саласын дамытқым келеді, – дейді Алина.

        

Алина – БҰҰ моделі мектеп конференциясының Best Speech Certificate (Үздік сөз) сертификат иегері, FLEX лидер алмасу бағдарламасының финалисі, АҚШ-тың Johns Hopkins University оқу орнында өткен CTY қатысушысы, шаңғы жарысынан қала чемпионы, спорттық-балдық би бойынша облыс жеңімпазы. Химиядан халықаралық онлайн олимпиаданың жүлдегері (Мәскеу). Еріктілер жұмыстарына да белсенді араласады.