05 Сәуiр 2019
455

Бизнесті жемқорлықтан қорғайтын жоба

 

Өңірлік коммуникациялар қызметінің облыстық алаңында «Жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу және бизнесті қорғау» тақырыбында брифинг ұйымдастырылды.

Брифингте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Біржан Хайруллин және Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұржан Мақсотов аталған тақырып аясында мәлімдеме жасап, журналистер қойған сауалдарға жауап берді.

 

Біржан Марданұлы облысымызда өткен жылы іске қосылған «Protecting Business and Investments» жобасы туралы әңгімеледі. Аталған жобаның мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша жолыққан инвесторлар мен кәсіпкерлердің қызметіндегі әкімшілік кедергілер мен сыбайластық шығындарды жою болып отыр. Жобаны іске асыру механизмі инвестордың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы келісімге қол қоюы арқылы жүзеге асырылады. Департамент келісім жасаушы бір тарап ретінде кәсіпкерді сүйемелдейді, оны 100% әкімшілік және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен, лауазымды тұлғалардың жағымсыз іс-әрекеттерінен қорғайды және пайда болған мәселелерді Заң аясында шешеді. Ал инвесторға қойылатын талап біреу – адал және белсенді бизнес, сондай-ақ салығын төлеу.

 

Бұрын инвестор мемлекеттік органға жүгінген кезде түрлі қиындықтарға тап болып, өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғай алмаған жағдайлар жиі ұшырасқан. Қазіргі кезде инвесторлар аймақтағы жобалық офис қызметкерлерінің консультациялық және ұйымдастырушылық қолдауы арқылы инвестициялық және бизнеске қатысты барлық мәселелерді жедел және заң шеңберінде шешуге мүмкіндік алды. Бұл қолдау ақысыз түрде жасалады.

 

Жоба кеңсесі Орал қаласындағы Чагано-Набережная көшесі, 82 мекенжайында орналасқан. Жобаға жауапты тұлғалар бизнесті дамыту жолында туындайтын барлық мәселелерді заңды түрде шешуге көмектеседі.

 

Осы уақытқа дейін облыстық фронт-кеңсеге кәсіпкерлерден 13 өтініш түсіп, олардың жетеуі оң шешілген. Бүгінгі күні жалпы сомасы 846 млрд. теңгеден асатын 13 инвестициялық жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелденуде.

 

Сонымен қатар «Ақжайық-Адалдық алаңы» жобасы шеңберінде телеграмм акаунтында STOP КОРРУПЦИЯ бот-сұхбаты іске қосылған. Оның мақсаты тұрмыстық жемқорлықты жою үшін тиімді шаралар әзірлеу бойынша ұсыныстар жинақтау екен.

 

-Біз өз тарапымыздан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге және бизнесті, инвестицияларды қорғауға кепілдік береміз және барлық инвесторлар мен кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы келісімге қол қоюға шақырамыз. Азаматтармен кері байланыс жасау мақсатында Facebook әлеуметтік желісінде Департамент басшысы Исақов Болат Әлмұқанұлының акаунтты мен парақшасы ашылды. Біздің байланыс телефондарымыз: 8 7112 51 01 94. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы Агенттікке ресми хат жіберуге немесе Ұлттық бюроның және оның аумақтық бөлімшелерінің кезекші бөлімдеріне, аптаның 7 күнінде тәулік бойы жұмыс жасайтын 1424 call-орталықтарына хабарлауға болады. Қоңырау шалу тегін, - деді Біржан Хайруллин.