05 Сәуiр 2019
617

Қала қоқыстан тазартылуы тиіс

 

Екі ай бойы Орал қаласын тазалау айлығы жүреді. Осы мерзім ішінде қала аумағын қоқыстан тазарту және абаттандыру жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Бұл жөнінде бүгін облыс әкімдігінде коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындармен өткен жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.

 

Қар кетісімен қала көшелері қыстай қар астында жатқан тұрмыстық қалдықтарға «көміліп» кеткендей болды. Облыс әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасына қала тазалығына қатысты тұрғындардан өкпе айтқан жазбалар және арыздар көптеп түсуде. Тұрғындар, әсіресе, қоқыс жәшігінің айналасына қоқыстың шашылып жататынына наразы.

 

- Бұл жылдағы көктемдегі кезеңдегі алдымыздан шығатын мәселе екені түсінікті, бірақ тазалық жұмыстарын жандандырып, белсендірек қимылдау керек. Келесі аптадан бастап күн райы ашық болады. Жеке пәтер иелері, тұрғындар, еңбек ұжымдары өздерінің ғимараттарына жалғас аумақтарды әкім келіп тазалап береді деп күтпей, тазартуға кірісулері қажет. Сіздердің міндеттеріңіз осы қаланы тазалау жұмыстарын ұйымдастыруларыңыз керек. «Жайық таза қала» мекемесінің ұжымымен кездесіп, күн тәртібіндегі мәселе талқыланды. Әрбір кәсіпорынның өзіне тиесілі жерді және оған жалғас аумақты қоқыс қалдығынан тазалауы керек. Сонымен қатар аумақты абаттандыру, санитарлық тазалау және тазалықты сақтауға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Оған жүрдім-бардым қарайтын тұлғаларды заң бойынша жауапкершілікке тарту керек. Заң бәрімізге ортақ, - деді Алтай Көлгінов.

 

Сонымен қатар облыс әкімі қала тазалығна тұрғындар да сергек қарауы тиіс дей келе, «Орал таза сервис» кәсіпорына ескерту айтып, өз жұмысына сапалы қарауды шегелеп тапсырды. Қала әкімі М. Мұқаевқа қаланы аралап, аула-аумақтардың, көшелердің, жалпы шаһардың тазалығымен танысып, бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды ескертті.

 

«Жайық таза қала» мекемесінде 150 техника, 750 адам қала аумағын тазалау жұмыстарына жұмылған.