05 Сәуiр 2019
463

Медицина қызметкерлерімен кездесу өтті

Бүгін облыс әкімі А.Көлгінов Оралдағы көпбейінді қалалық ауруханасында болып, өңірдің медицина саласының қызметкерлерімен жүздесті.

 

 

Кездесу барысында өңір басшысы облыстағы медицина саласының бүгінгі жағдайы, мамандар мен заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуы, қызметкерлерге жасалып жатқан жағдайлар, түйіткілді мәселелер туралы сөз қозғады.

 

- Біздің бүгінгі басты мақсатымыз – медицина саласының қызмет көрсету сапасын арттыру болып отыр. Бұл сала мемлекет тарапынан қомақты қолдауға ие. Соңғы жылдары Елбасымыздың тапсырмасымен медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы бірнеше мәрте өсірілді. Биылғы жылдың 1 маусымынан бастап төменгі жалақы алатын дәрігерлер, әсіресе шалғайдағы аудан-ауылдардағы медицина қызметкерлерінің еңбекақылары жоғарлатылатын болады. Соңғы үш жылдық көрсеткіштерге сүйенсек, өңірдегі жалпы адам өлімі 30,8%-ке, сәбилердің шетінеуі 20%-ке, аналардың өлімі 66%-ке, қатерлі ісік пен қан айналымнан, туберкелезден болатын өлім 4 пен 7% аралығында төмендеген. Бұл мамандардың жұмысы және қызмет көрсету сапасының артқанын көрсетеді. Мұндай жағдайларға мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде жетіп отырмыз. Ендігі біздің міндетіміз – медицина саласы қызметіндегі цифрландыруды одан әрі жетілдіру. Бұл бағыттағы пилоттық жоба өткен жылдан бастап облысымызға енгізіліп, бірқатар жұмыстар жасалды. Бүгінде медицина саласындағы барлық құжат айналымы электорнды форматқа көшірілді. Бұлардың барлығы мамандарды қағазбастылықтан арылып, емханаларға келген науқастарға көбірек көңіл бөлулері үшін жасалуда,-деді А.Көлгінов.

 

Облыс әкімі сонымен қатар өңірде медицина саласының мамандары жетіспейтінін айтып өтті. Келтірілген деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда облыс бойынша 213 жоғары білімді мамандар жетіспейді. Бұл бағытта да біркелкі жұмыстар атқарылуда. Әр жыл сайын медицина оқу орындарының түлектерін жұмысқа тарту жұмыстары жүргізіледі. Соңғы үш жылда 247 білікті мамандар тартылған. Оларға «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес баспана беріліп, көтерме жәрдемақы төленген. Облыс орталығында орналасқан емханалардағы жас мамандарды аудан-ауылдарға басшылық қызметтерге жіберу жолы да қарастырылуда. Екінші жыл қатарынан өңірге керек мамандарды дайындауға жергілікті бюджеттен қаражат та бөлініп келеді. Сонымен қатар дәрігерлердің біліктілігін арттыру да басты назарда. Медицина мекемелеріндегі тәртіп те қатаң қадағалауда болмақ. Тегін дәрілерді тарату, жедел жәрдемнің жұмысын ширату, науқасқа уақытылы көмек көрсету секілді қызметтер уақытылы әрі сапалы болу керек. Соңғы жылдары 100-ге жуық жедел жәрдем көлігі алынған болса, биыл 60 көлік, соның ішінде 30-дан аса реанимобильдер сатып алу жоспарланған.