09 Сәуiр 2019
260

БҚО әкімі «Ақжайық» допты хоккей командасымен кездесті

 

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов «Ақжайық» допты хоккей командасының ойыншыларымен кездесті.

 

 

– Сіздерді жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Елбасы тапсырмасына сай мемлекет тарапынан спортты дамытуға қамқорлық жасалуда. Тынымсыз тер төккен спортшы ғана жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Команданың дені – жас ойыншылар. Сондықтан Жастар жылында жеңіс тілеймін, – деді Алтай Сейдірұлы.

 

Команданың бас жаттықтырушысы Николай Шавалдин мен ҚР спорт шебері, жас хоккейші Болат Мұхит мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.

 

 Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Рахимованың айтуынша, облысымызда допты хоккеймен 227 жасөспірім шұғылданады. Биылғы оқу жылында осы спорт түрін дамыту мақсатында №5 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жанынан және Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Шыңғырлау аудандарында бөлімдер ашылған. Ал құрылу тарихы 1976 жылдан басталатын кәсіби команда «Ақжайық» атауын 2002 жылы иеленген. «Ақжайық» ойыншылары бүкілресейлік жоғары лига командалары арасында өнер көрсетуде. Былтыр 22-25 наурыз күндері Ресейдің Уляновск қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдені иеленді. Биыл еліміздегі қысқы Жастар ойынында жеңімпаз атанса, Швецияның Венерсборг қаласында болған ересектер арасындағы әлем чемпионатында 4-орынға табан тіреді. Команданың денін жергілікті ойыншылар құрайды. Атап өтерлігі, допты хоккейден ҚР құрама командасындағы 81 спортшының 50-і біздің облыстың түлектері екен.

 

«Ақжайық» командасына облыс әкімдігі қолдау білдіріп келеді. Былтыр команда ойнайтын «Жастар» стадионында жасанды мұз айдыны пайдалануға берілген.