11 Сәуiр 2019
725

Мемқызметкерлерге арналған байқау жарияланды

 

Мемлекеттік қызметтің беделін көтеру, мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерін тарату, үздік кәсіби білімі мен дағдылары бар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкерлерін анықтау және ынталандыру мақсатында биылғы жылдың 5-ші сәуірінен бастап «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауы жарияланды.

 

 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов мәлімдеді.

 

Спикердің айтуынша, өңірлік және республикалық кезеңдерден тұратын конкурсқа қатысуға әкімшілік және тәртіптік жазалары жоқ, сонымен қатар мемлекеттік қызмет өтілі бір жылдан кем емес мемлекеттік қызметкерлер жіберіледі. Байқауға құжаттарды қабылдау және оларды тексеру биылғы жылдың 5 мамырына дейін жүргізіледі. Өңірлік кезеңнен сәтті өткен үміткерлер республикалық байқауға жеке жобалық жұмыстарын ұсынады және оны қорғайды. Жобалық жұмыста мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру бойынша жаңарту туралы тың ұсыныстар, олардың экономикалық немесе әлеуметтік әсері көрсетілуі қажет.

 

Байқау жеңімпаздарын анықтау 23 маусым – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметкер күніне орайластырылатын болады.