11 Сәуiр 2019
580

«Ел тарихын зерттеуде есе жібермеу керек»

 

Бүгін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында «Ұлт санасының жаңғыруы және Ұлы дала құндылықтары» атты халықаралық-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

 

 

Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлан Серғалиев, италиялық археолог, философия ғылымдарының докторы Жан-Лука Бонора, БҚМУ-дың педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің педагогика факультеті ғылым бөлімінің жетекшісі,филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, облыстық ассамблея мүшелері, тілші-ғалымдар, ақын-жазушылар және жастар қатысты.

 

– Елбасының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асып жатырғанына екі жыл болды. Еліміздің Тұңғыш Президенінің «алдымен экономика, сосын саясат» ұстанымымен Тәуелсіздік жылдарында экономикамызды дамытуға баса көңіл бөлінді. Қазіргі уақытта дамыған елу елдің қатарына кіру межесін орындадық. Елімізде демократия қағидаттарына сай жүргізілген саяси реформалар өз жемісін берді. Билік бөлінісінің әділ сақталуын қамтамасыз ете отырып, біртіндеп парламенттік-президенттік басқару жүйесіне ауысамыз. Мемлекетіміздің болашағы жарқын болуы үшін бізге білімді ұрпақ қажет. Елбасымыз саяси реформалармен сабақтастырып, сананы жаңғыртуға қатысты «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегін жариялады. Содан бастап мемлекет «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алды. «Атамекен» кіші бағдарлама ауқымында кәсіпкерлер өңірімізде жеке қаржысына жерлестер игілігіне жобаларын жүзеге асырып, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруде. Тұрақты даму жолында азаматтардың қайраткерлік танытуы, білімге инвестиция құю, рухани жаңғыруға тың көзқараспен қарау маңызды,- деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

 

Конференцияда «Заман» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айгүл Түркина еліміздің тарихы терең екенін, соны ұрпаққа насихаттау рухани жаңғырудың нағыз үлгісі екенін атап өтті. Жерорта теңізі мен Орталық Азия елдерін зерттеу халықаралық қауымдастығының мүшесі, философия ғылымдарының докторы, археолог Жан-Лука Бонора Қазақстанның тарихи даму жолы, бүгінгі тыныс-тіршілігі қызықтыратынын айтты. БҚМУ студенттеріне археология саласы жөнінде дәріс оқитын италиялық ғалым қызығушылық танытып қана қоймай, «Astana. A Cultural Guide to the Capital of Kazakhstan» кітабын жарыққа шығарған. Жан-Лука Бонора Нұр-Сұлтан шаһарының заманауи келбеті, айрықша сәулеті туристер үшін тартымды және әлемдегі урбанизация оңтайлы жүргізіліп жатқан қалалардың бірі деп бағалайды.

 

Ғылыми мәжілісте сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабырдың айтуынша, ұлт тарихына халық болып сергек қарауымыз қажет. Профессор ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «...біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» деген көзқарасын мысалға ала отырып, соңғы жылдары Ресей ғалымдарының «Алтын Орда мұрагеріміз» деген тұжырымды алға тартып жүргеніне алаңдайтынын жеткізді. Алтын Орданың ежелгі территориясының 40 пайызы бүгінде Қазақстан иелігінде. Бұдан Ресей тарапы саясатының түпкі мақсаты, Мәскеу қолына Русь князьдерін шоғырландырып берген Алтын Орданың тарихи миссиясын өздерінің идеологиясына бейімдеу екені аңғарылады. Алып қағанат Дешті қыпшаққа отан болды. Ал қыпшақтар қытай, қарақалпақ, башқұрт, татар, ноғай, қарашай, қырым татарлары, қырғыз және тағы басқа халықтардың ұлт болып қалыптасуына негіз болды. «Қыпшақ» сөзі Элетміш Күл Білге (747-757) қағанның басына қойылған құлпытасқа жазылған.

 

– Әдебиет, тарих, тіл – бір-бірінен ажырағысыз біртұтас дүние, рухани салалар. Бұл бағытта нақты мемлекеттік қолдау қажет-ақ. Ақ Жайық атырабында дүниеге келген біртуар тұлға, ақын-жазушыларымыздың алып антологиясын шығару – кезек күттірмейтін мәселе. Қаламгерлер шығармашылығын түгендеуде Сыр өңірі ежелгі заман шайырларынан бастап бүгінгі әдебиет өкілдері туындысын қамтитын том-том кітап шығаруда. Орал қаласында жастар үшін заманауи кітапхана ғимаратын салу қажет. Басқа облыстарға қарағанда Түркиядағы кітапханалардың тәулік бойы есігі ашық, арзан бағаға ас мәзірін ұсынады. Жиі келетін адамдар есепке алынып, жеке үстел беріледі. Тіпті бір жылдан кейін оқырманға стипендия тағайындайды. Осындай кітапханамыз болса, біздің өлкеде ғылым-білімге құмар студенттер көп болар еді, – деді Мұрат Сабыр.

 

Пленарлық мәжіліс сол күні секциялық отырыстарға ұласты. Конференция жұмысы екі күнге жалғасады және келесі күні Ресей Федерациясының ғалымдары онлайн режимде қатысты.