12 Сәуiр 2019
347

«Еркесылқым» – қазақ қызына деген құрмет

 

Салтанатты шаралар мен жиын-тойларда жиі орындалатын «Еркесылқым» күйін естімеген, әдемі әуеніне елтімеген қазақ жоқ  шығар, сірә.

 

 

 

«Еркесылқым» – тыңдарманды ә дегеннен-ақ баурап әкететін сұлу да сырлы сазды әсем туынды. Бір қызығы, бүгінгі таңда осы күйдің шығу тарихына қатысты әр түрлі әңгімелер айтылады.

 

Жуырда аталмыш күйдің авторы, елімізге белгілі күйші-композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, бұл күнде 85 жасқа қараған Әбдімомын Желдібаев ақсақалмен телефон арқылы тілдесудің сәті түскен еді.

 

– Қазақ күй өнерінде әйел адамның бейнесін жасау, сұлулықты, көркемдікті көрсету әуелден қалыптасқан құбылыс қой. Мысалы, халық күйі «Келіншекті», Дәулеткерейдің лирикалық күйлерін айтуға болады. Дәулеткерейдей лирик күйші жоқ.

 

«Еркесылқымды» шығару мен үшін өте қиынға соқты. Алғашында бір керемет туындыны дүниеге әкелгім келді. Қолға алып қарағанымда қалай бастап, қалай аяқтарымды білмедім. Содан кейін көп толғанып, бұл тақырыпты жауып тастағым келген кездерім де болды. Бірақ ойымнан шықпай қойды. Сөйтіп жиырма жылдай жүрдім.

 

Шығармамның кейіпкері – жас кезімізде қатар өскен қыздардың ішінен менің таңдаулым, ұнатқан адамым болатын. Әлгіндей ұзақ толғанып жүрген күндердің күнінде көз алдыма кейіпкерімнің елесі, ерке қыздың әдемі, жұмсақ та жүрдек жүрісі, әсем күлкісі оралып, көңілімдегі көптен күткен күй дүниеге келді. Бұл күй көкейде арман болып қалған жағдайды сипаттайды. Сағыныштың лебі құйылатын тұстары бар. Онда қазақ қызына деген жоғары құрмет сезімі бар. Сөйтіп, «Еркесылқым» күйі 1973 жылы жарыққа шықты. Күй кейіпкері бүгінде үлкейгенімен, аман-есен арамызда жүр. Ана бір жолы «Құрманғазы» оркестрімен өткізген шығармашылық кешіме де келді.

 

Ол күйді осы күнде жүз адам тартса, жүз түрлі қылып орындап жүр. Көбіне күйдің табиғатын толық бере алмайды, тыңдаған кезде мағынасын аша алмай өте шыққандай әсерде қаламын. Орындаушылықтарында да кемшіліктер кездеседі. Күйдің сағадан шығар тұсында керемет әдемі иірімдері бар.

 

Ұшып келе жатқан құс құлашын жайып жіберіп, екпінімен қалықтағанда, қанат қауырсындарының арасынан сауылдаған жел еспей ме, міне, осындай әсерді беретіндей әдемі форшлагтар бар. Осыны біздің домбырашылар ойнай алмай жүр. Сосын әркім өзінше бұрып әкетеді. Шамадан тыс техникаға салып жіберетіндері де бар. Бұл күйді салыстырмалы түрде дұрыс ойнап жүрген Құрманғазы оркестрі. Дегенмен, оның өзі де ойдағыдай емес, – дейді қарт күйші.

 

Бүгінде Әбдімомын Желдібаевтың туған жері Жамбыл облысына қарасты Шу қаласында «Еркесылқым» күйіне арнап ескерткіш тұрғызылған. Шу ауданы әкімдігінің қолдауымен қойылған ескерткіште өзеннің жағасында қолына қанатын жайған ақ көгершінді қондырып, сонау алысқа сағынышпен көз тастап тұрған қазақтың тал мүсінді сұлу қызы бейнеленген.

 

Кезінде Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған соң туған жеріне туын тігіп, ғұмырының сандаған жылын төл ауданының мәдениет саласын дамытуға арнаған Әбдімомын Желдібайұлы әлі күнге дейін кіндік қаны тамған аймақтан табан аудармаған. Ол бүгінде Жамбыл облысындағы  Шу ауданының орталығы Төле би ауылында тұрады.