15 Сәуiр 2019
554

Ресейдегі қандастар Наурыз мейрамын тойлады

 

Ресей Федерациясы Волгоград облысы Волжск қаласында қандастарымыз Наурыз мейрамын тойлады.

 

 

Шараға Жәнібек ауданынан арнайы делегация барды. «Волжск қаласының қазақтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Волжск қалалық думасының депутаты Ерсайын Назаров жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтаған соң, Жәнібек ауданынан келген делегацияға ризашылығын білдірді. Ал Волжск қаласының басшысы Игорь Воронин халықты мерекемен құттықтады.

 

- Наурыз– түркі халықтарының ежелден бері тойланып келе жатқан мейрамы. Мерекені атап өтуге келген баршаңызға құт-береке, ырыс тілеймін. Қазақ халқының еңбекқор әрі қонақжай. Міне, көршілес Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданынан бір топ мейман келіп, бізді қуантуда. Наурыз мейрамын жақсы етіп атап өтуге баршамыз да үлес қосайық,-деді Игорь Николаевич.

 

Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов қандастарымызды Наурыз мерекесімен құттықтап, Игорь Николаевич пен Ерсайын Назаровқа кәдесый табыстады.

 

Ақ шаңқан киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар қойылды. Наурыз мерекесінде жыл сайын тегін палау, шай, бауырсақ үлестіру дәстүрге айналған.

 

Мерекелік концертпен қатар спорттық шаралар да ұйымдастырылды. Көкпар, арқан тартыс, қол күресі сынды жарыстарда білектілер мен күштілер бақ сынады. Жүлдегерлер мен жеңімпаздар марапатталды.

 

Думанды мейрамда кәсіпкер Виктор Тищенко жәнібектік кәсіпкер Есқайыр Елемесов пен аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Жасұлан Басировқа қаладағы орталық базар, дүкендердің тыныс-тіршілігімен таныстырды.

 

 

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz