17 Сәуiр 2019
860

Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблея кеңесі отырысы өтті

 

2019 жылдың 17 сәуірінде Ассамблея үйінде БҚО Қазақстан халқы Ассамблея кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған БҚО Қазақстан халқы Ассамблея кеңесінің мүшелері, облыстық басқарма басшылары мен аудан әкімдері, Ассамблеяның құрылымдық бөлімшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және БАҚ өкілдері қатысты. Облыс әкімі, БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Алтай Көлгінов осы отырыста төрағалық етті.

 

Кеңестің күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Мектепке дейінгі және орта білім берудің сапасын арттыру және қазіргі кезеңде белгіленген білім сапасын түбегейлі жақсартудың негізгі тәсілдерінің орындалуы туралы БҚО ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымының докторы Ш. Құрманалина сөз сөйледі. Аталған мәселе бойынша аудандар мен Орал қаласы әкімдеріне, Облыстық білім басқармасына мектепке дейінгі және орта білім берудің сапасын арттыру бойынша атқарылған іс-шаралардың тиімділігіне талдау жасау туралы шешім қабылданды.

 

Келесі мәселе бойынша БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ағайын» қазақ этномәдени бірлестігінің төрағасы М. Берген медициналық қызмет көрсетудің сапасы және алғашқы медико-санитарлық көмектің қолжетімділігі туралы сөз етті. Осы мәселе бойынша аудандар мен Орал қаласы әкімдеріне, Облыстық денсаулық сақтау басқармасына медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсарту бойынша шаралар алу және алғашқы медико-санитарлық көмектің қолжетімділігін бақылауды қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды.

 

Үшінші мәселе бойынша БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Ж. Сағидуллин «Батыс Қазақстан облысындағы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін жүзеге асыру туралы» ақпарат берді. Бұл мәселе бойынша аудандар мен Орал қаласы әкімдеріне, Облыстық ауылшаруашылық басқармасына еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын көбейту мен заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау бойынша тиісті шаралар алу, облысымыздың ауылшаруашылық саласына икемді әрі ыңғайлы стандарттарды пайдалану жолымен беделді шетелдік мамандардың үздік тәжірибелерін енгізу және ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету мақсатында жаппай оқыту жүйесін ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

 

Сондай-ақ, «Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдық бөлімшелерінің құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және БҚО ҚХА Жас кәсіпкерлер қауымдастығын құру туралы» шешімдер қабылданды.  

 

Отырысты қорытындылай келе, төраға барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, осы отырыстың маңызы мен өзектілігін атап өтті.