17 Сәуiр 2019
761

«109» сall-орталығы мамыр айында іске қосылмақ

 

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласындағы Smart Uralsk ғимаратының бірінші қабатында орналасқан «109» сall-орталығының қызметімен танысты.

 

 

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған аталмыш жоба биылғы жылдың наурыз айында пилотты режимде іске қосылған болатын. Орал қаласы әкімдігі мен облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көр­сетілетін қызметтер және ар­­хив­тер басқармасы бірлесіп қол­ға алған қанатқақты жобаның мақсаты - қала тұрғындарына қолай­лы жағдай жасау, комму­нал­дық мәселелерді жедел әрі бір ор­та­лықтан шешу. 

 

- «109» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Оралдықтардың газ, су, жылу, электр қуаты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қатты тұр­мыстық қалдықтар және бас­қа коммуналдық қызмет түр­лерінде болған ақау мен апатты жағдайлар туралы сұрақтарына орталықтағы 12 диспетчер жауап береді. Call-орталыққа келіп түскен барлық қоңыраулар тіркеледі. Одан соң жедел түрде жауапты коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелерге жолданады. Осылайша апаттың алдын алуға кеткен уақыт үнемделіп, тұрғындардың мәселесі дер кезінде шешіледі. Кейін әр талап-арыздың орындалу барысы қадағаланып, барлық мәліметтер өңделеді. Жалпы, тәулігіне орта есеппен 100-150 қоңырау келіп түседі,- дейді  «БҚО ІТ Хаб» ЖШС директоры Андрей Локтев.

 

 

1 наурызда тесттік режимде іске қосылған сall-орталыққа бір жарым айдың ішінде екі мыңға жуық оралдық қоңырау шалған. Әсіресе, көктемгі су тасқынынан қауіптенген оралдықтар көшелер мен аулаларды қардан тазалау мәселесімен көп хабарласқан. Коммуналдық қызметтен ақау табылған жағдайда жедел қызмет көрсететін «109» сall-орталығы мамыр айында толыққанды іске қосылмақ.

 

Жанна БАЛЫКОВА, фото Александр КУПРИЕНКО