17 Сәуiр 2019
662

Жергілікті мазмұнды арттыру бойынша кеңес өтті

 

Бүгін «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында облыс әкімі Алтай Көлгінов облыстағы құрылыс индустриясы кәсіпорындары басшыларымен  кездесті. Басқосуда «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары мен «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасынан туындайтын жаңа міндет-межелер нақтыланып, қарапайым заттар экономикасы шеңберінде бизнесті дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жаңа жобалар айқындалып, жергілікті атқарушы билікпен бірлесе атқарылатын іс-шаралар пысықталды.

 

 

- Жыл сайын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қыруар қаражат бөлінеді. Қолжетімді баспана салып жатырмыз, жеке секторда да тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Өткен жылы өңірде 435 мың шаршы метр тұрғын үй табысталды. Биыл 450 мың шаршы метр үй тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Былтыр құрылыс саласына салынған инвестиция көлемі 133,5 млрд теңгені құрады. Егер 2017 жылмен салыстырсақ, 23 млрд теңгеге артық. Биыл инвестиция көлемі тағы ұлғаяды. Сондықтан, бүгін біз кәсіпорындарға не қажет, ең алдымен кәсіпкерлердің қандай мәселелерін шешуіміз керек, қандай құрылыс өнімдерін өзімізде шығара аламыз деген сұрақтарға бірлесе жауап іздеп, ақылдасу үшін жиналып отырмыз, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

 

ҚР тұңғыш президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен іске қосылған «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары аясында соңғы жылдары облыста құрылыс қарқынды жүруде. Елімізде қарапайым заттар экономикасын дамытуға 600 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде 400 млрд теңге өнеркәсіптік тауарлар өндірісі мен жекелеген қызмет түрлерін дамытуға бағытталмақ. Бұл мемлекеттік қолдау жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және азық-түлік өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы саласында күнделікті қолданылатын 250-ге жуық өнеркәсіптік тауар өндірісін іске қосуға мүмкіндік бермек.

 

Өңірлік құрылыс индустриясында отандық өндіріс орындарының өнімін қолдану артып келеді. Мәселен, жергілікті құрылыс компаниялары бұған дейін Еуропа мен Ресейден тасымалданып келген құрылыс материалдарын біртіндеп өз жерімізде өндірілген өніммен алмастыра бастады. Сұраныстан ұсыныс туатынын жақсы білетін тауар өндірушілер жаппай өнімнің сапасы мен бағасына айрықша көңіл бөлуге кірісті. Шығарған тауарымен ішкі сұранысты ғана қамтып қоймай, өнімді экспортқа шығарып жатқандары да бар. Ал сатып алушы кәсіпорындар болса, өнімді тасымалдау шығынынан үнемделген қаржыны кәсіпорынды жаңғырту шараларына және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын арттыруға бағыттай бастады.

 

Өткен жылы тұрғын үй құрылысына 8,2 млрд теңге бөлінсе, соның ішінде 7,4 млрд теңге немесе 90,5 пайызы қазақстандық мазмұнды құрайды. Жергілікті құрылыс компаниялары қолданатын отандық құрылыс тауарларының негізгі үлесін «Нуртем» ЖШС, «Стройкомбинат» ЖШС, «Пустобаев» ЖК, «Гидромаш-Орин «МЖБК» ЖШС шығаратын темір бетон бұйымдары, «Батыс Қазақстан құрылыс бұйымдары кобинаты» АҚ өндіретін силикат кірпіштер, гидроизоляциялық бұйымдар, асфальт, жол жиектемелері, «Талап» АҚ шығаратын бетон, «Камина» ЖШС, «Көктас Ақтөбе» АҚ өндіретін қиыршық тас құрайды.  Батыс Қазақстан обьлысында елуден астам кәсіпорын құрылыс бұйымдарын өндіреді. Олардың 18-і ірі кәсіпорындар. Өткен жылы батысқазақстандық құрылыс индустриясы кәсіпорындары жалпы құны 12,9 млрд теңгенің өнімін өндірген.

 

Жиында облыстық құрылыс басқармасының бастығы Алтынбек Қайсағалиев, облыстық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Рүстем Закарин, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Медет Шақаев сөз алып, отандық өнімнің өрісін кеңейту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Істің көзін тапқан кәсіпкерлер өз кезегінде жергілікті нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы бизнесті қолдаудың жаңа тетіктері туралы әңгімелеп берді. Аталмыш басқосудың қос тарап үшін де нәтижелі болғанын айтқан жиынға қатысушылар жуық арада тағы да кездесуге уағдаласып  тарқасты. 

 

 

ФОТО: Александр Куприенко