18 Сәуiр 2019
496

Облысымызда 6499 көпбалалы отбасы бар

 

Бұл туралы облыстық мәслихатта «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХІV конференциясында айтылды.

Жиында партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияның кезекті XVIII съезінде берген тапсырмаларын – «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» ұлттық жобаларын өңірімізде жүзеге асыру барысы талқыланып, «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХIХ съезіне қатысатын делегаттар сайланды. Облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешімін Жайық жұрты, өңір халқы толық қолдайтынын жеткізді.

 

-Бұл биліктің тұрақтылығы мен елдің бірлігін нығайту үшін қабылданған уақтылы әрі өте орынды шешім. Мемлекет басшысы сайлаудың ашық әрі әділ өтетініне кепілдік беріп отыр. Халық болып сайлаған Мемлекет басшысының беделі жоғары, өзіне деген сенімі берік болады, – деп сөзін сабақтаған Алтай Сейдірұлы сайлаудың әрбір қазақстандыққа жауапкершілік, азаматтық борыш жүктейтіндігін атап өтті.

 

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің айтуынша, күні бүгінге дейін облыс бойынша 11 433 тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың тұрмыстық жағдайы тексеріліп әлеуметтік карта толтырылған. Оның ішінде 6 499 көп балалы отбасы бар.

 

Атаулы әлеуметтік көмекпен 2019 жылы шамамен 5 186 отбасы, оның ішінде 24 481 адам, 15 992 бала қамтылады деп жоспарлануда. Облысымызда 1 сәуірден бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа өлшемі бойынша кең көлемде түсінік жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 8 864 адамға кеңес беріліп, 3 384 адамның өтініші қабылданды.

 

 «Халыққа көмек» партиялық жобасын іске асыру аясында қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы «Біріңғай әлеуметтік терезе» акциясы жұмыс жасауда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде перспективті елді мекендер айқындалатын болады. Биыл облыстың перспективті ауылдарын дамыту үшін республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге қарастырылған. Партияның «Заманауи білім орталықтары» жобасы аясында кітапханаларды қазіргі заманғы коворкинг және білім орталықтарына айналдыру қолға алынған. Бүгінде облысымызда жастарға арналған 11 коворкинг жұмыс жасауда.

 

 Бұған қоса, партиялық жоба аясында 100 мектептің спорт алаңы салынуда. Олардың басым бөлігі ауыл мектептерінде. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімділігі, ел бойынша инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық саланы жетілдіруге бағытталған «Құтты мекен» жобасы аясында бірқатар жұмыс атқарылуда. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына 12,9 млрд. теңге бөлініп, бұл қаражатқа 19 көп пәтерлі және ауылдық жерлерде 119 тұрғын үй салынуда. Жыл соңына дейін 15 көп пәтерлі және ауылдық жерлерде 50 тұрғын үй мен 2 051 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, облысымызда құны 5,5 млрд. теңге тұратын үш мектептің құрылысы басталды. Аталған жобаларды іске асыруға бөлінген қаражаттың уақтылы игеріліп, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуі партияның жіті бақылауында болмақ.

 

«Nur Otan» партиясы Теректі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрхат Жанбоз аталған жоблар аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыс туралы айтып берді. Ал партия ардагері Людмила Тенишова аға ұрпақ өкілдерінің ел-жұртты жақсылыққа жетелеп, жасампаз істерге жұмылдыруға әркез әзір екендіктерін тілге тиек етті.

 

Жиын соңында 23-сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХIХ сьезіне баратын делегаттар сайланды.

 

Фото Александр Куприенко