22 Сәуiр 2019
262

Батыс Қазақстандық оқушының суреті Париждегі көрмеде қойылды

 

Сәуір басында еліміздегі Тұңғыш Президент қоры Париж қаласының штаб-пәтерінде «Ұлы дала бояулары» тақырыбындағы көрмені ашқан еді.

 

 

Көрмеге халықаралық «The Planet of ART- 2018» жобасы жеңімпаздарының таңдаулы 35 жұмысы қойылды. Азия мен Тынық мұхиты аймағындағы елдердің арасында (Индия, Қытай, Қырғызстан тағы басқа) өткен жобаға қатысқан жас суретшілер шығармаларының арасында Ақжайық аудандық балалар шығармашылығы орталығының «Дизайн» үйірмесінің мүшесі Гаухар Бауыржанның Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Гүлдей бер, гүл қала!» тақырыбындағы туындысының аталған көрмеге қойылуы өңір үшін мақтаныщ.

 

Былтыр республикалық кезеңнің іріктеуінен өткен Гаухар шілде айында Астана қаласында ЮНЕСКО аясында өткен осы халықаралық «The Planet of ART» фестиваліне қатысқан болатын. Бұл фестивальге 8 мыңнан аса жасөспірім еңбегі түсіп, 635 жұмыс «Астана – әлем қаласы» естелік альбомына енгізілді. Сөйтіп, кейін оның туындысы аталған көрмеге жолдама алды.

 

 

Гаухар балалар шығармашылығы орталығындағы «Дизайн» үйірмесіне қатысқанына 3 жылдай уақыт болды. Гаухардың анасы Ләззат Әбілхайырова аудан орталығындағы Абай атындағы мектеп-гимназияда қызметкер болып жұмыс жасаса, әкесі Сакен Әбілхайыров аталған орталықта «Фотоәуесқой» үйірмесінің жетекшісі. М.Әуезов атындағы мектептің 11 сынып оқушысы Гаухардың үйірмеге қатысуына, осы бағыттағы мамандық таңдауына әкесінің ықпалы зор болды. Ал үйірмеде тәжірибелі оқытушы Данияр Ізбазаровтың оны өнерге баулудағы еңбегі ерек-ақ. Д.Ізбасаров республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздарын дайындап жүрген облысқа танымал суретші.