20 Сәуiр 2019
221

Оралда 19 мың тұрғын көшет отырғызып, сенбілікке қатысты

 

Бүгін Оралда «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды.

 

 

Бұған қоса, ағаштарды ақтау және қала аумағын санитарлық тазалау бойынша жұмыс жүргізілді.

 

Сенбілік қорытындысы бойынша  мемлекеттік, коммуналдық мекемелердің қызметкерлерінің қатысуымен 19 мың қала тұрғыны қатысты. Сонымен бірге қаладағы 600 ұйым мен мекеме сенбіліктен қалыс қалмады. Жоғары оқу орындары мен колледждерден 750 студент,  қаладағы 61 ПИК-тен 300 жұмысшы сенбілікке шықты.

 

«Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы шеңберінде Шаған өзенінің оң жақ жағалауы (Орал қаласының мәдениет және демалыс саябағы), Н.Ә.Назарбаев атындағы интеллектуалды мектебінің маңы, М.Мөңкеұлы көшесі бойындағы тынымбақ, №20 мектеп ауданындағы тынымбақ, Гужвин, Энтузиастов, Жәңгір хан, Азербайджанская көшесі, Орал-Саратов трассасы, сонымен қатар Круглоозерное ауылында көпшілік ағаш көшетін отырғызды.

 

Аталған шараға еңбек ардагерлері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, ЖОО, техникалық және кәсіптік білім беру орындарының студенттері, үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті атқарушы орган, БҚО бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі және сот органдарының мемлекеттік қызметкерлері қатысты.

 

Шара кезінде татар үйеңкісі, емен, акация, катальпа және тағы басқа 5 мың көшет түрі егілді.

 

Ал ЖОО, техникалық және кәсіптік білім беру орындарының студенттері Н.Назарбаев және Евразия даңғылындағы ағаштарды ақтады. Бұған қоса, Жұлдыз шағынауданы, Тәуелсіздік, Согласия көшелері және Орал-Желаев тас жолы, С.Датов көшелерінде санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.

 

Сенбілік барысында 648 м3 қоқыс шығарылған.

 

 

Суретке түсірген Рафхат Халелов