25 Сәуiр 2019
197

Қайыңдыда "Ұлы даланың қызғалдағы" этнофестивалі өтуде (ФОТО)

 

Бүгін Қазталов ауданының даланың қызылды-жасылды түрге бөлейтін қызғалдағымен әйгілі болған Қайыңды жерінде "Ұлы дала қызғалдағы" II халықаралық этнофестивалі басталды.

 

 

Көптен күткен фестиваль "Шапағат" халықтық әжелер ансамблінің тамаша әнімен басталып, үлгілі "Қыз Жібек" термешілерінің өнеріне ұласты. Театрландырылған қойылым барысында 300 бишінің бір мезеттегі мың бұралған әдемі қимылдарымен өрілген "Қызғалдақ" биі көптің көңілінен шықты.

 

Тұңғыш  Президентіміздің  «Ұлы  даланың  жеті  қыры»  тарихи  мақаласы  аясында  Қазталов ауданында екінші рет ұйымдастырылған «Ұлы даланың қызғалдағы» II халықаралық этномәдени фестиваліне жиналғандардың алдында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов құттықтау сөз сөйлесе, Қазталов аудан әкімі Абат Шыныбеков ақжарма тілегін жеткізіп, ризашылығын білдірді.

 

Бұдан кейін 300 адам Құрманғазы бабамыз бен Дина анамыздың күйлерін домбыраның күмбіріне салып, Қайыңдының алқабын бір серпілтті.

 

2018 жылдың 2 мамырда таяу және алыс шетел елде қазақ музыкалық мәдениетін танымал ету, ұлтаралық мәдени байланысты нығайту, жастарды табиғатты аялап қорғауға шақыру  және жастарымызды патриотизм рухында тәрбиелеу мақсатында өткен "Қызғалдақ көктем" I халықаралық этномәдени фестивалінде эстрадалық әндерді орындаушылардың арасында топ жарған  байқау жеңімпазы Айымбек Сәртөк пен лауреат Айбек Дәулетқалиев биылғы фестивальден де қалыс қалмай, Қайыңды алқабында тағы бір мәрте ән салды.

 

Республикалық байқаулардың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін»  медалінің иегері Айбар Қайырханов, Шамғон Қажығалиев атындағы II республикалық дирижёрлар конкурсының лауреаты Асхат Хасанов, республикалық  конкурстардың лауреаты Ақылбек Бектасов, Тарас Жауынбаев, халықтық Бигалиевтер отбасылық ансамблі, үлгілі "Қыз Жібек" термешілер ансамблі, ұлт аспаптар оркестрі және жергілікті бишілер тобы мен көршілес Ресей елінен, аудандардан келген көркемөнерпаздар, т.б өз өнерлерін көрсетті.

 

Айта кетейік, «Ұлы даланың қызғалдағы» II халықаралық этномәдени фестивалі ертең, 26 сәуірде, ұлттық ойындармен жалғасын табады.

 

 

Гүлім МАНАТ

Қазталов ауданы

Фотосуреттерді түсірген:

Динара Киндербаева, Гүлнұр Қазбек

zhaikpress.kz