26 Сәуiр 2019
271

Чернобыль оқиғасы ұрпақ жадында

 

Бүгін Орал қаласында Чернобыль атом электр станциясының апатын жоюшыларды еске алуға арналған салтанатты шара өтті.

 

 

Бұдан 33 жыл бұрын жер-дүниені дүр сілкіндірген жойқын апат болған еді. Станциядағы жарылыстың салдарынан радиоактивті сәуле ауаға тарап кеткен-ді. Оның әсері атом бомбасы тасталған Хиросимо мен Нагасаки қалаларынан да күшті болған. Осы айлапат техногенді апаттың салдарын жоюға небары 22 жасында қатысқан Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулы Андрей Батпанов өзінің Брагинск секторында болғанын еске түсірді. Бас консул бүгінде сол апатты жоюға қатысқандарға және сол жолда денсаулықтарына залал келіп дүниеден өткен азаматтарға, сол марқұмдардың аналары мен жарларына бас ию керектігін айтты.

 

«БҚО Чернобыль ардагерлері және мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Таймановтың айтуынша, 1300 батысқазақстандық өз өмірлері мен денсаулықтарын қатерге тігіп, Чернобыль апатын жоюға қатысқан. Сол зұлматтан қатысушылардың көбі өмірден өтті. Үш жүз адам ғана аман-есен ортамызда жүр. «Біз жыл сайын дәл апат болған 26 сәуір күні Чернобыль апатын жоюшылар құрметіне қойылған ескерткіш жанында жиналып, апатты ауыздақтауға қатысқан жерлестеріміздің ерлігін еске алып, тағзым етеміз. Радиоактивті сәуле ауруы адам ағзасын жыл санап кеміте береді, кейде адам өмірін ерте үзеді. Бұдан төрт жыл бұрын Чернобыль апатының салдарын жоюшылар құрметіне монументалдық кешен ашылды. Оның бой көтеруіне облыс әкімі қолдау көрсетіп, құрылысын жеке бақылауында ұстады. Жалпы Чернобыль оқиғасы жас ұрпақтың жадында сақталып, аталар мен әкелер ерлігі жайындағы естелік ретінде кейінгі толқынға жетеді деген ойдамын», - деді Асқар Тайманов.

 

Биыл монументалдық кешеннің гранит плитасына есімдері жазылған батырлар тізіміне жаңадан алты адамның есімі қосылған. Одан басқа үш азаматтың ерлік істеріне құрмет ретінде тізімге қосылған. Олар - Украина азаматтары Чернобыль атом станциясының инженерлері болған Алексей Анеко, Валерий Беспалов, Борис Баранов.

 

 «Өйткені ол азаматтар өз бастарын қатерге тіге отырып, станция аумағындағы жарылыстың екінші толқынының бетін қайтарған. Төртінші атом реакторы жалындап, балқып кеткен соң, оның астындағы үлкен су резервуарының жарылу қаупі төнді. Сонда олар қауіп-қатерге қарамастан жарылыстың алдын алып, су жинағыштың аузын ашып жіберіп, кесапатты болдырмаған. Сөйтіп тек Украина емес, Еуропадағы миллиондаған адамның өмірін сақтап қалды», - деді жиында аталмыш монументтің дизайнер-сәулетшісі Дмитрий Вологонов.

 

Белоруссияның астанасы Минск қаласында әскери борышымды өтеп жүрген кезім еді. Атом электр станциясында жарылыс болып, әскерлерді көлікке тиеп, ауылдарды күзетуге апарды. Апат болған аумақты ағаш қоршаулармен қоршау жұмыстарына қатысқанбыз. 1995 жылы Чернобыль апатының зардабын жоюшыларға мемлекет әлеуметтік жеңілдік жариялап, Алматыдағы әскери госпитальда ем-дом алдық. Үшінші топтағы мүгедекпін. Үйге келген соң екі жылдан кейін қалалық әкімдікке тұрғын үй кезегіне тұрдым. Бастапқыда құжат тапсырғанымда отбасымда бір балам болды. Кейін екі перзентім дүниеге келгенмен, олар есепке алынбай, бір баламен деп алты шаршы метрлік бір бөлмелі үй алдым. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгенімізбен баспана мәселесін шеше алмай жүрген жайым бар. Алдағы уақытта шешілер деген үмітімді жоғалтқан емеспін, - деді Нұрлан Айтқалиев.

 

Шара барысында апатты жоюшы ардагерлердің бір тобына Орал қалалық әкімдігінің, облыстық қорғаныс істері жөніндегі және төтенше жағдайлар департаментінің алғыс хаттары мен мерейтойлық медальдар салтанатты түрде табыс етілді. Мектеп оқушылары Чернобыль апатына қатысқан ерлер жайында өлеңдер оқыды. Сондай-ақ облыс өнерпаздары ән шырқап, шараға қатысушылардың рухын  көтерді.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz