01 Мамыр 2019
298

Оралдықтар Ержан Максимді қарсы алды

 

Ресейде өткен "Голос дети" ән байқауында талантымен талайды тамсандырып, өнерімен баршаны тәнті еткен жерлесіміз, әнші балақай Ержан Максим елге оралды.

 

 

Абыройды асқақтатқан ардақты ұлды әуежайдан БҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Сайран Дүйсентегі, Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов бастаған ел ағалары, тума-туыстары мен ұстаздары, сыныптас достары, жалпы жанашыр жандар қарсылап алды.

 

 

- Оралды, отбасым мен достарымды қатты сағындым. Менің әр жеңісіме қуанып, үнемі салтанатты түрде қарсылайтын, құшағымды гүлге толтыратын тілектес жандарға алғысым шексіз. Ал сайыс көңілімнен шықты. Дауыс беру нәтижесі бойынша екінші орын бұйырғанымен, барша халық мені қолдайтындықтарын, шын жеңімпаз деп танитындықтарын айтып жатыр. Маған өмірлік бағалы тәжірибе бергені, біраз шет елге өнерімді мойындатып, атымды танытқаны үшін байқауға ризамын, - дейді Ержан бізбен әңгімесінде.

 

 

Айта кетсек, Ержан Максим ресейлік "Голос дети" таланттар сайысында танымал әнші-продюсер Валерий Меладзенің тобында өнер көрсетті. Ақтық мәреге дейін шашасына шаң жұқтырмай жеткен жерлесіміз финалда дауыс беру нәтижесі бойынша екінші орынға орнықты. Дегенмен Қазақстандағы ғана емес, өзге елдегі көрермендердің сайыс нәтижесіне көңілдері толмай, басым көпшілігі нағыз жеңімпаз ретінде Ержанды танитындықтары туралы әлеуметтік желіге жарыса жазуда.