01 Мамыр 2019
304

Оралда 1 мамыр мейрамы тойланды (ФОТОРЕПОТАЖ)

 

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Орал қаласының Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойында 200-ге тарта мекеме-ұйым қатысуымен шеру ұйымдастырылды. Ашық аспан аясында мекемелер салтанатты түрде таныстырылып отырды.

 

 

Қолына алуан түсті шар, бірлік пен татулыққа шақырған ұрансөздер жазулы тақтайшалар ұстаған түрлі мекеме ұжымдары, қоғамдық бірлестіктер, облыстық ассамблея мүшелері, ардагерлер мен жастар ұйымдары және қала тұрғындары көңілді әуен аясында даңғыл бойымен жүріп өтті. 50 мыңнан астам адам қатысқан шеру аяқталған соң Абай алаңында мерекелік концерт басталды.

 

 

– Құрметті батысқазақстандықтар! Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын. Қасиетті Ақжайық өңірінің тұрғындары мемлекетіміздің мызғымастығын қамтамасыз ету жолында ұлтаралық татулықты ту етіп келеді. Бейбітшілікті негіз еткен мейрам қазақстандық азаматтардың бірлігі мен бауырмалдығының жарасымды нышанына айналды. Сәуірдің 29-ы күні Елордамызда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясына қатысқан Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ассамблеяның татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі екені атап өтті. Қазіргі таңда облысымызда 90-нан астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Облыстық ҚХА-ның ұйымдастыруымен былтыр 8 мыңдай шара ұйымдастырылды. 53 этномәдени бірлестік қызмет етуде. Этномәдени бірлестік жетекшілері мен меценаттарының қолға алуымен 1 млрд. теңгеге 250  қайырымдылық жобасы мен 1,5 мың шара жүзеге асты. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асуына сүбелі үлес қосуда. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген даналар сөзі біздің өмірлік ұстанымымыз. Ұлтымыздың осы ұлы қасиеті – бүгінгі бейбіт күніміздің кепілі. Ынтымақ бар жерде ырыс пен береке қоса жүреді. Қасиетті өлке – Ақжайығымызды жаңа белестерге жетелейтін де, тәуелсіздігімізді мәңгі ететін де – ауызбіршілігіміз. Елбасы үнемі айтып жүретін осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – басты мақсатымыз. Талай аласапыранды басынан өткерген ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бақытты ел болуға талпынды. Тәуелсіздікті, теңдік пен татулықты көкседі. Біз – арманы орындалған бабалардың ұрпағымыз. Бірлігі бекем еліміздің еңсесін өсіріп, облысымыздың дамуына қосып жүрген өлшеусіз үлестеріңіз үшін зор алғыс білдіремін, – деді шараға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов.

 

 

Концертте Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі Құрманғазының күйі «Сарыарқа» мен орыс халық аспаптары оркестрі Б. Боясовтың «Праздник» әуенін орындады. Жергілікті әнші Еркін Өтегенов оралдық композитор Жаскелең Ғайсағалиевтің туындысы «Ақжайық әнімді» шырқаса, «Гүлдер» ансамблі ұйғыр биін орындады. Оралға арнайы келген «Astana Musical» мемлекеттік театрының солистері А.Мұхамедиұлының «Жайна, Астана»,  Б.Шүкеновтің «Отан – Ана» әндерін шырқады. Сонымен қатар түрлі этномәдени бірлестік мүшелері өнер көрсетті.

 

 

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов,