02 Мамыр 2019
317

БҚО әкімі «Голос дети» ән байқауының жүлдегері Ержан Максиммен кездесті

 

Бүгін БҚО әкімі Алтай Көлгінов жас талант, миллиондаған көрерменді өнерімен тәнті еткен Ержан Максиммен кездесті, деп хабарлайды БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

 

 

Жас әнші анасы Гүлмира Әлібекпен бірге келді. Өңір басшысы Ержан Ерболұлының еліміздің мақтанышына айналып, халықтың шынайы сүйіспеншілігіне ие болғанын атап өтті.

 

Гүлмира Әлібек өз кезегінде Алтай Сейдірұлына өңірдің өнері мен мәдениетін дамытуда жергілікті билік тарапынан қолға алынып жатқан жұмыстарға риза екенін айтып, қолдау білдіріп, Мәскеуге сапары кезінде демеушілер табуға көмектескені үшін алғыс айтты.

 

 

-Максим қанша дегенмен әлі бала ғой. Сіз звондаған сайын көңілі асқақтап, қуанышы қойнына симай кетеді. Әу бастан-ақ, Ержанға, біздің отбасымызға, жалпы облысымыздың өнері мен мәдениетіне ерекше көңіл бөлетініңізді білеміз. Сізге өзімнің және отбасымның атынан алғыс айтамын, - деді Ержанның анасы.

 

Әңгіме барысында жас өнерпаз өзінің алдағы жоспарларымен бөлісті. Келешекте Димаш Құдайбергенмен бірге ән шырқағысы келетінін және өнердегі ағасымен хабарласып тұратынын жеткізді.

 

Облыс басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында Ержан Максимнің орындауындағы Муслим Магомаев пен Геннадий Козловскийдің «Синяя вечность» әні көрермендерге ерекше әсер еткенін тілге тиек етті.

 

Алтай Көлгінов сессиядан кейін Әлібек Дінішевпен тілдесіп, Қазақстанның халық әртісі Ержанның өнеріне жоғары баға бергенін айтты.

 

-Ассамблея сессиясынан кейін Әлібек Дінішевпен кездесу кезінде, өнер майталманы  талантыңа жоғары баға берді. Енді осымен тоқтап қалмай өнеріңді өрге домалату үшін тәжірибелі, кәсіпқой мамандармен жұмысыңды жалғастыра бер. Біз өз тарапымыздан қолдан келген көмекті аямаймыз,- деді өңір басшысы.

 

Жүздесу барысында Алтай Сейдірұлы Ержан Максимге шығармашылық табыс тілеп, жергілікті қолөнер шебері жасаған домбыраны сыйға тартты.