03 Мамыр 2019
218

Оралда үшем анасымен бірге перзентханадан шықты

 

Оралда бүгін үшем анасымен бірге облыстық перинаталдық орталықтан шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, үшем осыдан бір ай бұрын дүниеге келген еді.

 

Көп ұрықты жүктілікке сәйкес сәбилердің салмағы аз болды. Сондықтан анасы отбасылық үлгідегі балалар ауылының әдіскері Дина Хамзина мен оның қыздары осы мерзім бойы дәрігерлердің қатаң бақылауында болды. Нәрестелерге Көзайым, Жанайым және Бегайым деген есім берілді.

 

Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің оқытушысы Қанат Ғұпранов пен Дина Хамзинаның отбасында бұдан бұрын да төрт баласы (үш қыз, бір ұлы) бар екен.

 

«Менің қуанышымда шек жоқ. Қыздарымды бүгін ғана көрдім. Біздің өзіміздің жеке үлкен үйіміз бар. Орын барлығымызға да жетеді», - деді Қанат Сағындықұлы.