13 Мамыр 2019
227

Қасым-Жомарт Тоқаев: Батыс Қазақстан облысы инвестициялық тартымды аймақ болуы керек

 

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды, деп хабарлайды

 

 

Президент облыс орталығы Орал қаласында жұртшылықпен кездесіп, кейін бірнеше әлеуметтік нысанды аралады.

 

Еліміздің батыс қақпасы – Батыс Қазақстан облысы. Ресей Федерациясының 5 бірдей облысымен шектеседі. Сонысымен де стратегиялық маңызды аймақ. Жері кең әрі қойнауы бай. Әлемдегі ең ірі мұнай кенішінің бірі Қарашығанақ осы Орал өңірінде орналасқан. Елде өндірілетін мұнайдың 14%, ал көгілдір газдың 36% осы өңірге тиесілі. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа жасаған алғашқы жұмыс сапары. Мемлекет басшысы өз сапарын жұртшылықпен кездесуден бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 

– Географиялық жағдайы өте қолайлы. Өндірістік әлеуеті зор. Облыс әкімін жақында қабыладым. Елбасы БҚО-ға әрқашан айрықша баса назар аударып келгенін сіздер жақсы білесіздер. Орал – батысқа шығатын басты қақпа. Сондықтан өңірді жан-жақты қолдау жалағаса береді. Жалпы облыстың географиялық жағдайы өте қолайлы, табиғи байлығы мол өндірістің әлеуеті зор. Бүгінде Ақжайық жері – қарқынды дамып келе жатқан өңір. Жақында облыс әкімін қабылдадым. Оң өзгерістер болды, жаңа бастамалар іске қосылды.

 

Батыс облысын 3 жылдай басқарып отырған Алтай Көлгінов – облыс әкімдері арасындағы ең жасы. Жас болса да, Жайықтың жайын баптап отырған басшы. Облыста осы жылдың қаңтар-наурыз айларында 605 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бүгін Президент облыс басшылығына қосымша міндеттер жүктеді. Соның бірі – инвестиция тарту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 

– БҚО инвестициялық тартымды аймақ болуы керек. Бұл міндет бүкіл мемлекетке қатысты. Себебі шетелдік инвестиция тарту – стратегиялық мақсат. Мен жақында әкімдермен және министрлермен жиналыс өктіздім. Айтқаным, облыс басшылары мен министрлерге жүктелген тапсырмалардың тізімінде бірінші инвестиця тарту тұр. Инвестициясыз бірде-бір ел әрі қарай көтеріле алмайды. Үкіметке келсек, олар облысқа жан-жақты қолдау көрсететін болады. Сондықтан мен әкімге Орал қаласында индустриалды аймақ құрылысын жеделдетуді тапсырамын.

 

Президент жүктеген екінші міндет – ауыл шаруашылығы кешенін дамыту. Өңірде қой етін экспорттау 3,5 есеге, сиыр етін жөнелту 21% артқан. Дегенмен бұл салада еңбек өнімділігі тым төмен. Есесіне, батыста бизнеске бет бұрып жатқандар көп. 2019 жылғы 1 сәуірдегі статистика бойынша өңірде 41 мың 300 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,5% көп. Бұл салада 113 мыңнан астам азамат нәпәқасын тауып отыр.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 

– Өңір экономикасының драйвері – табысты кәсіпкерлік ауқымын кеңейту. Әзірге бизнестің дамуы өңірде біркелкі емес. Шағын және орта бизнестің 90% астамы, сонда қамтылған халықтың 80% Орал қаласы мен Бөрлі ауданына тиесілі. Неліктен өзге аудандардың әкімдері шағын бизнестің дамуын өздерінде ынталандырмайды. Бұл сұрақ. Тұрғындар мемлекет беретені мүкіндіктер туралы біле ме? Бұл таяу уақытта жауап берілуі тиіс басқа сауал. Әкімдікке тұрғындарды кәсіпкерлік бағдарламасына көбірек тартып, тұрғындарды бизнес негіздеріне оқытып, шағын несие беруді кеңейтуі керек. Әкімдік ел бойынша шағын және орта бизнеске беретін жаңа мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс.

 

Қолжетімді тұрғын үй, сапалы ауызсу, тегіс жол. Қарапайым қазақстандықтардың өмірін жайлы етудің негізгі факторлары осы. Мұндағы ауылдағы ағайынның тек 45% ғана орталықтандырылған су ішеді. Президент бүгін бұл мәселені түбегейлі шешуді тапсырды.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 

– Бесінші міндет – бірінші класты инфрақұрылым жасақтау. Өзекті мәселенің бірі – жол. 70 пайызының жайы мәз емес. Бұл – үлкен проблема. Мұндай жағдайды сын көтермейді деп санаймын. Бұл азаматтардың тек күнделікті өміріне ғана кері әсер етіп қоймай, өңірдің экспорттық-транзиттік әлеуетін де төмендетеді. Қазір Орынбор трассасы мен Казталовка, Жәнібек, Бөкей ордасы секілді үш оңтүстік ауданда жолды қайта жаңғырту жмұыстары жүріп жатқанын білемін. Үкімет пен әкімдікке бұл жұмыстарды 2021 жылдың соыңына дейін аяқтауды тапсырамын. Аталған мәселе менің жеке бақылауымда болады.

 

Алғашқы жүздесу, айтылатын мәселе де қордаланып қалғандай. Мемлекет басшысы бүгін айтқан пәрменді тапсырмалар жергілікі жұртшылықты бір серпілтіп тастады.

 

Президент қарапайым қазақстандықтардың еңбегін бағалау туралы жиі айтады. Игі дәстүр Батыс Қазақстан жерінде де жалғасын тапты. Облыстың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа Президенттің алғыс хаты табысталды.

 

Жиын аяқталған соң Президент жас спортшылармен кездесті. Жас спортшылар Президенттің өзінен шеберлік сағатын алды.

 

Биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 4,2 млрд теңге бөлінген. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында ана өлімінің бірде бір фактісі тіркелмеген. Бұл өңірде денсаулық саласына бөлінген көңілдің көптігін аңғартса керек. Сөзімізді растайтын тағы бір нысанға бүгін Президент арнайы барды. Медициналық орталық биылғы жылдың басында іске қосылды.

 

Жан Бергенов, стоматолог-дәрігер:

 

– Ашылғалы бері 400 адам қабылдадық, соның 20% – балалар. Мұндай техника Астанада, Алматыда жоқ деуге болады.

 

Орал трансформатор зауыты. Мемлекет басшысы қуатты трансформаторлар жасау процесімен танысып, зауыттың дайын өнімдерін көрді. Зауыттың жобалық қуаты жылына 10 мың трансформатор шығаруға есептелген. Өнімінің 95% көрші Ресейге экспорттап отыр. Кәсіпорында 600 адам еңбек етеді. Бұл әзірге. Зауыт басшылығы жақын арада 2 млрд теңгенің инвестициясын тартуға талпынып отыр. Ал ол өнім қуатын 1,5 есеге арттыруға көмек береді, демек жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Осы жерде Президентке қарапайым заттар экономикасын құру жобалары таныстырылды.

 

Биыл білім беру салысына 64,5 млрд теңге бөлінген. Өңірде 36 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бар. Соның бірі – бүгін Президент бас сұққан Орал ақпараттық технологиялар колледжі. Бұл жерде Мемлекет басшысына IT орталықтың жұмысы таныстырылды.

 

Бұл – Мағжан Қыстаубаев. Ол қазақтың қара домалақ балаларынан IT технологияда айдарынан жел есетін мамандарды әзірлеп шығуға болатынына шүбәсіз сенеді.

 

Осы жерде Президентке «Сандық Қазақстан» бағдарламасы аясыда облыста жүзеге асып жатқан жобалар таныстырылды. Өңір басшылығы Оралды ақылды әрі халық үшін ыңғайлы қалаға айналдыруға кірісіп жатыр.

 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың батысқа жасаған сапары бүгін аяқталды. Президент жүктеген міндеттер батыста қалай жүзеге асарын уақыт көрсетеді.

 

Гүлжан Марқабаева, тілші:

 

– Батыс облысы – еліміздегі ең елеулі өңірлердің бірі. Негізгі себебі шекарада тұр, геосаяси салмағы басым. Яғни бұл аймақтың экономикасы қуатты, әлеуметі мығым, руханияты бай болмағы керек. Президент бүгін Батыс облыстағы оң өзгерістерді бағалады, кем кетігін меңзеді. Тұтас алғанда батыс қақпа берік тұр деп сеніммен айтуға болады.