16 Мамыр 2019
417

Қосанов штабы сайлаушылармен кездесті

 

Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Әміржан Қосановтың облыстық сайлауалды штабының өкілдері Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында үгіт жұмысын жүргізді. Орталық ұжымы мен зейнет жасындағы сайлаушылармен кездескен штаб жетекшісі Мұхтар Өтесов «Ұлт тағдыры» қозғалысы кандидаттығын ұсынған Әміржан Қосановтың сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Кейін үміткердің сенімді өкілі Нұрлан Сәдір негізгі бағыт-бағдарды түсіндірді.

 

 

– Қазақстандағы әр азамат сайлау құқығын еркін пайдалана алады. Әміржан Қосановтың бағдарламасында барлық салада қызмет ететін азаматтар мемлекеттік тілді білуі міндет екені жазылған. Мұндай талап өркениетті елдерде баяғыдан бар. Кандидат қазақ тілінің мәртебесін көтеруге айрықша назар аудармақ. Сонымен қатар шетелдегі қандастарымыздың атамекеніне оралуын жеделдетіп, құжаттарын рәсімдеуді жеңілдетуді ұйғарып отыр. Қазақстан – өте бай мемлекет. Жер асты кенін игеріп жатқан шетелдік компанияларға қойылатын талаптарды халықаралық деңгейде қайта қарастыру, жұмысшыларының жалақысын көбейту, ондай еңбек ұжымдарында қазақтың үлес санын арттырумен жұмыстану көзделген. Бағдарламада Қазақстанның шетелдік мемлекеттерден қарыз алуын азайту, ел аумағында АЭС салынуына түбегейлі тыйым салу, қауіпсіз, жаңартылған қуат көздерін пайдалануға көшу жайы қарастырылған. Ең бастысы, кезектен тыс Президент сайлауына үміткер Конституцияға сәйкес азаматтардың құқығының қорғалуына, бейбіт шеруге шығып, сөз бостандығын пайдалануына ерік бермек, - деді Нұрлан Сәдір.

 

Сайлаушылардың қойған сауалдарына жауап берген штаб мүшелері Ә.Қосановтың азаматтық ұстанымы, еңбек жолы жөнінде баяндап, сайлауалды тұғырнамасының басым бағыттары жөнінде айтты.