08 Мамыр 2019
184

Оралда 300 орындық интернаты бар спорт колледжінің құрылысы биыл аяқталады

 

Бұл туралы бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан Республикасының V жазы спартакиадасына қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен өңір спортшыларымен кездесуде айтты.

 

 

-Төрт жылда бір рет өтетін спартакиада да сіздер өңіріміздің намысын қорғап, жақсы нәтиже көрсеттіңіздер. Біз бұған қатты қуаныштымыз. Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болдым. Сол кездесуде мемлекет басшысы спортқа үлкен көңіл аударып, қолдау көрсету керектігін атап өтті. Әсіресе, ауылдық жерлерде спотттық нысандарды салуды тапсырды. Облысқа қарасты 12 ауданның төртеуінде ғана спорт кешені болса, қалған сегіз ауданда жоқ. Енді сол сегіз ауданға спорт кешенін салатын боламыз. Оған тиісті қаражат бөлінуде. Облыс орталығында 300 орындық интернатымен үлкен спорт колледжі салынуда. Ол нысанның құрылысы биыл бітетін болады. Сондай-ақ П.Атоян атындағы орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша жұмыс жүріп жатыр. «Жайық самалы» бассейінін де күрделі жөндеуден өткіземіз. Бұл – бір күнде істелінетін жұмыстар емес. Оған біраз уақыт кететінін өздеріңіз жақсы білесіздер. Спортшылардың жағдайын жасау үшін осындай жұмыстар атқарылуда. Өңіріміздің намысын абыроймен қорғап, еліміздің көк туын көкке желбірететін сіздерге қашанда қолдау көрсетеміз, - деді қабылдауда Алтай Сейдірұлы.

 

Қабылдау барысында баскетбол, самбо, су добы сынды спорт түрлерінің жаттықтырушылары өңір басшысына заман талабына сай спорт зал болса деген ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі бұл мәселенің шешілетінін айтты.

 

Еліміздің әр өңірінде өткен айтулы жарыста батысқазақстандықтар су добынан, самбодан, гимнастикадан, баскетболдан тағы да басқа спорт түрлерінен сынға түсіп, үздіктер қатарынан көрінген болатын.