08 Мамыр 2019
270

Сайлауалды штаб құрылды

 

Бүгін Оралда ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан Президенттікке үміткер, Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспиховтың сайлауалды облыстық-қоғамдық штабы құрылды. Үміткерге қолдау көрсететін штаб мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің БҚО филиалының төрайымы Айгүл Есекенованың жетекшілігімен жұмыс істеуде.

 

 

Штабтың құрамында Ақ Жайық өңіріне еңбегімен танылған еңбек және кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, 102 сенімді өкіл, 194 бақылаушы бар. Олар 12 мамырдан бастап сайлау туралы заң шеңберінде үміткердің сайлауалды тұғырнамасын түсіндіру жұмыстарын бастайды. Штаб және қоғамдық қабылдау бөлмесі Н.Назарбаев даңғылындағы 184/1 үй мекен жайындағы кәсіподақтар орталығы ғимаратында орналасқан.

 

-Мамырдың 12-сінде Нұр-Сұлтан қаласында республикалық штабтың жұмысы басталады. Сонда үміткердің тұғырнамасы таныстырылады. Кәсіподақтар ұйымының ауыл-аймақты дамыту жөніндегі мақсат-мұраттары сайлауалды бағдарламада көрініс тапқан. Оның ішінде жақсы жалақы, қауіпсіз еңбек, тегін білім, медициналық қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. Батыс Қазақстан облысындағы кәсіподақтар ұйымы қатарында 80 мыңға жуық мүше бар. Олар негізінен мұғалімдер, дәрігерлер, мемқызметкерлер, жұмысшылар және өзгелер. Олардың барлығы да сайлауға бір кісідей қатысады, - деді штаб төрайымы Айгүл Есекенова.

 

Бас қосуда еңбек ардагерлері, сенімді өкілдер ауыл-аудандарды аралап, тұрғындарға үміткердің тұғырнамасын таныстыру жұмыстарына ауылға сыйлы ардагерлерді тартуды ұсынды. «Келешек» жастар кәсіподақ қозғалысы бірлестігінің жетекшісі Альфия Жақсығалиева да сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кәсіподақ жастарының да белсене қатысатынын жеткізді.

 

Жиын барысында бір топ сенімді өкілге куәлік, еңбек және кәсіподақ ардагерлеріне белгілі ғалым-философ Ғарифолла Есімнің «Жұлдызды Жұмекен» кітабы табыс етілді.