13 Мамыр 2019
260

Қайырымдылық қордың 95-ші баспанасы БҚО тұрғынына бұйырды

 

Баспанаға мұқтаж жандарға үй сыйлап, жалпақ жұртқа жақсы ісімен танылған «Харекет» қайырымдылық қорының 95-ші баспанасы БҚО тұрғынына бұйырды. Бес қыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Райхан Жанұзақоваға қордың БҚО-дағы еріктілері естен кетпес тосынсый ұйымдастырды.

 

 

– Тағдырдың жазуымен жұбайыммен жолымыз екіге айырылып, бес қызымды өзім жетелеп, жетілдіріп келемін. Тұңғышым 10 жаста, ал кенжем төрт жасар. Үшеуі Орал қаласындағы №19 мектепте білім алса, екі кіші қызым балабақшаға барып жүр. Солардың сабағын қадағалау, үйірмелеріне апарып-әкелу керек болғандықтан, оның үстіне қараусыз қалдыруға дәтім бармай, жұмыс жасай алмай отырмын. Ойлап қарасам, жалдамалы пәтер жағалап жүргеніме 14 жыл болған екен. Өз үйім болса екен деген арманым құр қиял ретінде қалатын шығар деп ойлайтынмын.

 

«Харекет» қайырымдылық қорының жасап жатқан игі істері туралы әлеуметтік желіден көріп, біздің облыстағы еріктілеріне хабарласып, жағдайымды айттым. Қажетті құжаттарды тапсырып, еш алаңсыз жүргенмін. Арада шамамен екі айдай уақыт өткенде еріктілер хабарласып, қыздарыммен бірге барып тамашалау үшін Қуандық Рахымның концертіне билет тарту ететіндіктерін айтты. Концерттің қызған шағында әншіге гүл беруге барған тұңғышыма Қуандық Рахым ән айтқызып, одан соң түгел отбасымызды сахна төріне шақырды. Осы сәтте «Харекет» қайырымдылық қорының 95-ші баспанасының кілті бізге табысталатыны туралы хабарлады. Өң мен түстің арасында тұрғандай күй кештім, расында. Сол кездегі сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мен үшін ең бақытты күн болды. Балаларымның болашағы үшін алаңдамайтын болдым. Осындай бақытты сәтті тарту еткен қордың барша мүшесіне, өзінен артылғанды өзгеге бөліп беретін жомарт жүректі жандарға шын жүректен алғыс айтамын. Қасиетті айда жасаған жақсылықтарыңыз еселеп қайтсын, баршаға бақытты сәт молынан бұйырсын! - деп ағынан жарылды Райхан Болатқызы.

 

Айта кетейік, қазіргі сәтте пәтердің құжаттарын рәсімдеу жүргізіліп жатыр.