15 Мамыр 2019
171

Оралда мәдениет майталмандары марапатталды

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында облыстық халық шығармашылығы орталығы ІІ «Рухани қазына» облыстық фестивалін ұйымдастырды. Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен фестивальдің «Кәсіби алаң» атты кезеңінде мәдениет және өнер саласы, кітапхана қызметкерлері сынға түсті. 12 аталым бойынша байқауға қатысуға елуден астам өтінім жолданған. Қазылар алқасы үміткерлер жұмысын саралап, үздіктерді анықтады.

 

 

– Мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыратын мекемелер арасындағы байланысты нығайту, қызмет бойынша тәжірибе алмасу, имиджін көтеру, бірыңғай мәдени кеңістікті дамыту, өңірдегі рухани мұралармен танысу, қоғамдық сананы жаңғырту, мәдениет және кітапхана қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін шыңдау, қазақстандық патриотизмді насихаттау. Фестивальге қатысушылар ұжым жетістігін, білікті маман ретінде тың идеясын, ұйымдастырған іс-шаралар жөніндегі ақпаратты қазылар алқасына таныстырды. Екінші мәрте өткізіліп отырған «Рухани қазына» облыстық фестиваль аясы кеңейе түсуде, яғни оған қатысқан мәдениет ұйымдарының саны артуда, – деді облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Айгүл Орынғалиева.

 

«Кәсіби алаңда» сын тезінен өткен 18 аталым жеңімпазы мамырдың 19-20-сы күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды. Үздіктердің бірқатарын атасақ, Бөрлі аудандық модельді кітапханасының кітапханашысы Айдана Тойданова «Үздік ауылдық кітапхана қызметкері», Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығының «Дауыс SOL» квинтетінің жетекшісі Думан Беккалиев «Үздік аудандық мәдениет үйі қызметкері», Көктерек тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Ақмарал Адиетова «Үздік аудандық музей қызметкері», Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы «Үздік облыстық кітапхана», Ақжайық ауданы Жаңабұлақ кітапханасы «Үздік ауылдық кітапхана», Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейі «Үздік аудандық музей» аталымын жеңіп алды.

 

– Жәнібек аудандық музейі 2001 жылдан бастап қоғамдық негізде жұмыс жасады. 2015 жылдың 27 қарашасынан бастап, облыстық тарихи-өлкетану музейінің аудандық бөлімі болып құрылды. Музей экспозициясы бес залдан тұрады. Жылына 4 мыңға жуық келушіге қызмет ететін рухани ошақта ақын Ғұмар Қараш, мемлекет қайраткері Мұстақым Ықсанов, Ұлы Отан соғысының батыры Ерденбек Ниетқалиев сынды тұлғалар туралы деректерді білуге, майдан тылы болған аудан тарихына қатысты сыр шертетін түпнұсқа жәдігерлерді тамашалауға болады, – деді Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Меңдігүл Фазылова.

 

Сол күні фестиваль аясында «Жыл директоры – 2019» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Фестивальде жүлде алғандар Х.Бөкеева атындағы атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен «Мәдени ландшафт – 2019» шарасында марапатталды.