16 Мамыр 2019
203

Қайтарымсыз гранттарға құжаттар қабылданбақ

 

«Samruk Kazyna Trust» қоры үшінші маусымнан бастап «Әрекет» жобасы негізінде қайтарымсыз гранттарға өтініштер қабылдай бастамақ. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған аталмыш жобаға коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері қатыса алады. Бұл туралы Өңірлік каммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

 

 - «Әрекет» - өңір тұрғындары үшін әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған қайырымдылық жоба. Бұл үкіметтік емес ұйым мүшелеріне бизнес-жобаларын қорғау үшін ерекше мүмкіндік. Қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлік трендке айналып, жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бүкіл әлем бойынша әлеуметтік кәсіпкерліктің арқасында коммерциялық емес ұйымдар әлеуметтік жауапты бизнеспен айналыса алады. Бұл біріншіден, олардың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді, екіншіден, оларға өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік беріледі. Биыл үш миллион теңгеге дейінгі жобаларға қаражат берілсе, келесі жылы бұл қаржы көлемі 10 миллион теңгеге дейін ұлғаймақ. Грант жеңімпаздары жобаларын тоғыз ай ішінде іске асырылуы қадағаланады,- деді «Samruk-Kazyna Trust» қоры, жоба басқармасы департаментінің директоры Барлық Төреханов.

Аталмыш департаменттің бас менеджері Ирина Дүйсенееваның айтуынша, жобалар байқауы үш кезең бойынша іріктелмек. 3-30 маусым аралығында коммерциялық емес ұйым мүшелері ережеге сәйкес өтінімдер ұсынады. Олардың ішінен толыққанды өтінімдер екінші кезеңге жолданбақ. Үшінші кезеңде үміткерлер әлеуметтік маңыздылығы, инновация, қаржылық тұрақтылық, бизнесті жоспарлау, маркетинг бағыттары бойынша үш күндік білім беру бағдарламасына қатысып, одан әрі байқау комиссиясының алдында жобаларын қорғайды. Жоба қорғалғаннан кейін байқау комиссиясы жобаларын жүзеге асыратын грант иегерлерін анықтамақ.