21 Мамыр 2019
213

БҚО-да музей мерекесі кеңінен аталып өтілді (СУРЕТ)

 

18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Оралда ауқымды шаралар өтті. Биыл музейлер мерекесіне Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің барлық филиалдары ерекше үлес қосты. Таңмен басталған шаралар түннің ортасына дейін жалғасты.


Облыстық музейдің бір филиалы – С.Ғұмаров музей-үйінде  «Жас суретшілер әлемі» байқауының қорытындысы өтті. Жас суретшілер Нұрлан Тапауов, Дәурен Ғұмаров, Марс Серікұлы, Айдар Хабиев, Гүлфара Тукина, Гүлнар Тюрюбекованың шығармалары бір ай бойы көрермен назарына ұсынылған екен. Оларды марапаттау рәсімінен соң байқауға қазылық еткен оралдық суретшілер Қанат Оразов, Бақытқали Оразов, Венера Қажымұратова жас суретшілермен еркін әңгімелесіп, бағыт-бағдар берді.


Жас суретшілердің көбі өз жұмыстарының көрмеде көпшілік назарына алғаш ұсынылғанын айтып, шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.


Одан кейін М.Мәметова мемориалдық музейінде  «Мәнсия» атты тақырыптық экскурсия өтті. Мәнсия – қаһарман қазақ қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүктің шын есімі. Батырдың әкесі - Батыс Алашорда қайраткері Ахмет Мәметов тұрған Оралдағы бұл үйде Мәншүктің балалық шағынан, соғысқа аттанған сәті мен майдан даласынан театрландырылған көрме ұйымдастырылды.


Шараға соғыс және тыл ардагерлері, студенттер мен оқушылар, қала тұрғындары қатысты. Соғыс ардагерлері Хамза Сафин мен Вениамин Скаленко сөз алып, зұлмат жылдар жайлы естелігімен бөлісіп, жастарға бейбіт өмірді қадірлеп, сақтауға шақырды. Мәншүктің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.


Е.Пугачев музей-үйінде  «Ғасырлар қойнауынан жеткен тарих» атты тақырыптық экскурсия өтті. Бұл музей ғимараты – ХҮІІІ ғасырдың ортасында салынған, Жайық қаласындағы барлық тарихи оқиғалардың тілсіз куәгері. 1773-1775 жылдардағы Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісінің белсенді қатысушыларының бірі Петр Кузнецовтың үйі болған. Өзін «Петр ІІІ патшамын» деп мәлімдеген Пугачевтің Петр Кузнецовтың қызы Устиньяға үйлену тойы осы үйде өткен. Сөйтіп бұл үй «казак патшайымының» ордасына айналды. Қазір мұнда сол шаруалар көтерілісінен толық мағлұмат беретін тарихи деректер, құжаттар, сол заманғы тұрмыстық заттар қойылған. Үйдің іші де сол заманға сай. Ауласындағы балықшылардың құралдары мен қайықтары, ат әбзелдері мен күйме бүгінгі күн балаларының таңданысын тудырады. Музей ардагері Сара Танабаева жиналғандарға бұл үйдің музейге айналу тарихын әңгімелеп берді.


Бұл күні келушілерге Е.Пугачев музей-үйінің экспозициясымен Емельян Пугачев пен оның жары Устинья Кузнецова бейнесіндегі актерлер таныстырды.


Рухани жаңғыру музейінде  «Тарих беттерінің куәгерлері» театрландырылған қойылым көрсетіліп, көрме ашылды. Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттері Алаш қайраткерлерінің жиыны мен олардың "халық жауы" деп айыпталып тұтқындалу сәтін және Желтоқсан көтерілісін бейнелеген театрландырылған қойылым қойды. "Алтын болашақ" өнер студиясы шәкірттері ән салды.


Шараға музей ардагері Сара Танабаева, ардагер журналист Тихон Әліпқали, алаштанушы ғалым Дәметкен Сүлейменова, ақын Мұнайдар Балмолда, студенттер мен оқушылар, қала тұрғындары қатысты. Шараға белсенді қатысқан студенттер мен олардың ұстаздары марапатталды.


Ал сол күні Халықаралық музейлер күніне орай Табиғат және экология музейінде  «Ұлы дала қызғалдағы» атты мәдени шара өтті.


-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтың Қазақ даласында 35 түрі өседі. Барлық түрі еліміздің кең байтақ даласында еркін тараған. Өте сирек кездесетін 13 түрі "Қызыл кітапқа" енген. Ал ендеше жасанды алқапта ғана қызғалдақ өсіретін Голландияны "Қызғалдақтың отаны" деп қалай атаймыз? Бір қызғалдақты жұлып отырып, қауашағының ішіндегі 300-дей қызғалдақты құртатынымызды ұмытпайық, -дейді Махамбет атындағы БҚМУ-дың жаратылыстану-география факультетінің аға оқытушысы Жаннат Қажымұратова.


Шараға қатысқан мектеп оқушыларына қызғалдақ пен оны қорғау, көбейту жайлы мол мағлұмат беріліп, экологиялық мәдениетті көтеру бағытында тағылымды әңгімелер айтылды.


Пушкин музейінде  «Пушкин балы» атты әдеби-сазды кеш өтті. 2006 жылы Қазақстанда ақын А.С.Пушкиннің жылы болып, Орал қаласында Пушкин музей-үйі музейі ашылды. Музей көршілес Ресей елі президенті В.Путин мен Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен ашылған болатын.


Орыстың ұлы ақыны 1833 жылы Оралда үш күн бойы жұмыс істегенде дәл осында  тоқтаған. Үй шамамен 1830 жылы салынған. Бұл ғимарат Қазақстандағы орыс әдебиетінің белгісі десе де болады. Себебі А.С.Пушкиннен басқа мұнда И.Крылов, В.Даль, В.Жуковский, Т.Шевченко, А.Плещев, М.Шолохов және көптеген әдебиет өкілдері болды. Қазақстандықтар үшін Пушкиннің келуі оның мұрағаттарында “Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу” поэмасын табылғанымен маңызды.


Бұл күнгі «Пушкин балына» Зеленов ауданындағы Дариян мектебі оқушылары, Оралдағы «Лесная сказка» балабақшасының бүлдіршіндері белсенді қатысып, өнер көрсетті. Пушкиннің өлеңдері оқылып, жеткіншектер вальс биледі.


Облыстық музейге  жиналған жастарға танымдық квест ойыны ұйымдастырылды. Келушілерге сиясауыттан қауырсын қаламмен латын әліпбиінде диктант жаздырылды.


Кішкентай көрермендер де қызықтан құр қалмады. Олар үшін облыстық музейде «Ертегілер әлеміне саяхат» атты «Шолпан» балабақшасы бүлдіршіндерінің мерекелік ән-шашуы өтті. Сондай-ақ музейдің жас көрермендеріне мерекелік шаралар аясында өткен қыш құмыра өнерінің шебері Нұрбол Әміржановтың сазбен жұмыс жасаудан шеберлік сағаты да қызықты болды. Робототехника үйірмесіне қатысушы балалардың тың жобалары тіпті үлкендердің де таңданысын тудырды.


Ал музей ауласына тігілген киіз үйде қолөнерге қызығатын қала тұрғындарына ісмерлер тәжірибелерімен бөлісті.


«Туған жер – тұнған тарих» атты экскурсиялық марафоны кезінде музейге келушілерге жәдігерлерді елге танымал ақындар, жастар жетекшілері, жас журналистер таныстырды. Олардың қатарында Нұрғали Жолдасқалиев, Нина Павличева, ақындардан Ертай Бимұқанов, Бауыржан Ширмединұлы, Орынбек Меңдіқұловтар бар.


Ақжайық, Шолохов, Бөрлі музейлерінің көрмелері де қатар өтіп жатты.


Кешке музей алдындағы мерекелік концертке екі мыңның үстінде адам жиналды. LED экраннан аудандық, облыстық музейлер туралы бейнероликтер көрсетілді. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев жиналған қауым мен музейшілерді мерекемен құқттықтап, ерекше ісімен көзге түскен әріптестерін марапаттады.


Облыстық музей мен оның Орал қаласындағы филиалдарына 1 сәуір мен 18 мамыр аралығындағы кіру билеттерімен лоторея ойнатылды. Ең бағалы сыйлық үлкен теледидар ойнатылған ұтысқа тіпті көршілес аудандардан да музей көрермендері келген.


Музей түнгі сағат бірге дейін халыққа қызмет көрсетті. Біздің байқағанымыз – дәстүрге айналған «Музей түні» шарасына келушілер саны жылма-жыл артып келеді. Оралдықтардың көбі бұл рухани орынға мектеп жасындағы балаларын ерте барады. Яғни, музей мерекесі біртіндеп музей жанашырларын, тарихты қастерлейтін, музей мәдениетін түсінетін тағы бір жаңа буынды тәрбиелеуде.