27 Мамыр 2019
278

БҚО-да «Отбасы Бизнес» бағдарламасы іске қосылды

 

Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің Тасқала ауданына жұмыс сапарында белгілі болды.

 

 

Ағымдағы жылдың 27 ақпанында өткен «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде Елбасы қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасын ұсынды.

 

Осы орайда, Батыс Қазақстан облысында жаңа әлеуметтік шараларды жүзеге асыру шеңберінде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, оларды кәсіпкерлікке үйрету, жаңа бизнес жобаларын жүзеге үшін мемлекеттік грант пен кредиттерді алуға жәрдемдесу мақсатында «Отбасы Бизнес» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

 

- Күні кеше өңірімізде болған мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев халықты кәсіпкерлікке тарту, бизнеске оқыту мен өз ісін бастағысы келетіндерге пайыздық мөлшерлемесі төмен кредиттерді беру маңыздылығын атап өтті.  Бұл бағытта «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп өңірімізде «Отбасы Бизнес» жобасы іске қосылды. Бұл өз ісін ашуға ниет білдірген аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, ерекше қажетіліктері бар азаматтар үшін үлкен көмек болады. Осылайша олар мұқтаждар санатынан өзін-өзі қамтамасыз ететін азаматтардың мәртебесіне ауысады. Яғни, мемлекет оларға қолдау көрсетіп қана қоймай, ашқан кәсіптері арқылы өздеріне, отбасыларына, сондай-ақ мемлекет пен қоғамға көмектеседі, - деді БҚО әкімі.

 

Бағдарлама аясында 1600-ден астам батысқазақстандыққа қажетті кеңес беріліп, оқыту жұмыстары жүргізіледі.  Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 200-ден астам мемлекеттік грант пен 50-ден астам адамға несиелер  қарастырылған.

 

- «Отбасы Бизнес» жобасынан қандай нәтиже күтеміз? Ең алдымен, облыс тұрғындары өз ісін бастап, соның нәтижесінде аяқтарына нық тұру мүмкіндігін иеленеді. Екіншіден, өзгеге алақан жаюға дайын тұратын масылдық психологиядан арылып, мықты әрі өз-өзіне сенімді тұлғаларды тәрбиелеуіміз керек. Үшіншіден, іскер адамдар, әдетте, басқаларға қолдау көрсетеді. Олар игі істері арқылы өзгелерге үлгі болып, өңіріміздің қарқынды дамуына үлес қосады. Ал мықты өңірлердің арқасында мықты Қазақстан қалыптасатыны сөзсіз, - деді облыс әкімі.

 

Айта кету керек, бұл бағдарлама арқылы грант алуға ниет білдірушілер саны артуда, соның ішінде жүздеген Тасқала ауданының тұрғындары да бар.

 

- Ауданымызда құс шаруашылығы жақсы дамып келеді. Оған, әрине, мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламалар көмек беруде. Біз де осы саланың дамуына үлес қосайық деген ниетпен «Отбасы бизнестен» грант алу үшін өз жобаммен қатысып отырмын. Тасқала ауданымыз құс шаруашылығының отаны болатыны сөзсіз, оған ауданымыздың әлеуеті, сондай-ақ, тұрғындардың   ниеттері бар, - деді көп балалы анна Манат Ермағамбетова.

 

Сонымен қатар, Тасқала ауданының тұрғыны бизнес-жобасын ашуға мүмкіндік берген үшін алғысын жеткізіп,  халықты «Отбасы бизнес» бағдарламасына қатысуға шақырды.

 

- Мен өз ісімді ашсам деп армайдайтынмын. Міне, «Отбасы бизнес» арқылы 252 500 теңге көлемінде грант ұтып алдым.  Қуанышымда шек жоқ. Енді туған ауылым Атамекенде  шаштараз қызметін ұйымдастырып, халықтың алғысына бөленіп жүрсем маған содан асқан бақыт болмас еді, - деді Айгерим Сұнғатова.

 

Тасқала ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Отбасы бизнес» жобасы аясында құс шаруашылығымен айналысуды бастаған Әділ Аймұқашевтің шаруашылығымен танысты. Сондай ақ, ауыл шаруашылық жәрменкесіне барып, жоба қатысушыларына гранттар және несие сертификаттарын табыстады. Ауыл шаруашылығы жәрменкесінде аз қамтылған және көп балалы отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетіліп, 2 мыңнан астам үй құсы сыйға берілді.