24 Мамыр 2019
460

Оралда «Мерейлі отбасы – 2019» байқауының жеңімпазы белгілі болды

 

«Мерейлі отбасы – 2019» ұлттық байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті. Мазмұны, тәрбиелік-өнегелік жағынан ерекше байқауға 13 отбасы қатысты.

 

 

-Ауыл-аудандардан, Орал қаласынан барлығы 48 отбасы облыстық байқауға қатысуға ниет білдіргенімен, облыстық комиссия екі апта бойы жұмыстанып, олардың ішінен 13 отбасын іріктеп алған. «Комиссия мүшелері отбасының қоғамдағы, яғни ауыл-аудандағы жерлестері арасындағы бедел-белсенділігіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуіне, отбасылық тірліктегі салт-дәстүрді сақтауына көбірек мән-маңыз бере отырып, олардың комиссияға тапсырған портфолиоларымен жіті танысты, - деді облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Әлихан Қайыров.

 

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, Елбасының қолдауы мен қамқорлығының көрінісіндей болып, бүгінде жыл сайын өткізу айнымас дағдыға айналған ұлттық байқаудың маңыздылығын айтты.

 

-Атадан балаға мирас болып келе жатқан тәлім-тәрбиені ұрпаққа дарыту, ұл-қызды қатарынан кем қылмай өсіру, оларды елін сүйетін азамат етіп тәрбиелеу – әр отбасындағы ұлттық идеология екені сөзсіз. Тәуелсіз еліміздің көк байрағын көкке көтеретін жастарымыз осындай мерейлі отбасылардағы үлкендерден үлгі алып, қандай отбасын құру керек, перзенттерге қандай тәрбие беру керек соны үйренсе дейміз. Бүгінгі өнегелі шара Рамазан айына тұспа-тұс келіп отыр. Ораза қабыл болсын баршаңызға! - деген Бағдат Азбаев байқаудың респубикалық кезеңіне жолдама алатын отбасыға сәттілік тіледі.

 

Облыстық деңгейдегі байқау қорытындысы бойынша үшінші орын Жәнібек ауданынан келген Исатаевтар отбасына, екінші орын Теректі ауданы атынан сынға түскен Жұмағалиевтер әулетіне бұйырды. Ал бірінші орынға қазталовтық Қарсақовтар отбасы ие болды және бұл отбасы биыл қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды. Жүлделі орын иеленген отбасыларға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді. Сондай-ақ «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушы отбасылардың барлығы да түрлі аталымдарды иеленді. Соның ішінде «Еліне еңбегі сіңген» аталымына бәйтеректік Жалмұрзиновтар, «Бірлік пен татулығын ұлықтаған отбасы» аталымына сырымдық Телегеновтер, «Жас отбасыларына үлгі етер отбасы» аталымына қаратөбелік Тәжіаяқовтар, «Шежірелі отбасы» атылымына тасқалалық Танабаевтар, «Ұлттық тәрбиені ардақтаған отбасы» аталымына ақжайықтық Даутовтар, «Шеберлік сырын ұққан отбасы» аталымына Негаевтар, «Білім көкжиегіне ұмтылған отбасы» аталымына бөкейордалық Зинешовтер, «Көп балалы отбасы» аталымына шыңғырлаулық Байғалиевтер, «Сегіз қырлы, бір сырлы отбасы» аталымына оралдық Еролеевтер, «Салауатты өмір салты – басты ұстанымы» аталымына Құлбаевтар отбасылары ие болды. Аталым иелеріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

 

 

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов,