27 Мамыр 2019
281

Оралда «Қасиетті Қазақстан» кітабының жаңа томы таныстырылды

 

Бұл – осы атаумен басылып отырған кітаптың екінші томы.  Еліміздің батыс өлкесін – Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысын қамтыған. Қазақ және орыс 

 

 

Рухани жаңғыру музейінде өткен таныстырылымға Сокралды Қазақстан ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, аталған орталықтың бөлім жетекшісі Анар Срайлқызы Елордадан арнайы келген. Шараға өлкетанушы, ардагер музейші Сара Танабаева, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Сайран Дүйсентегі, облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев, елге белгілі археолог Мұрат Қалменов, тарихшы ғалым Сайлау Сүлейменов, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейдің меңгерушісі, өлкетанушы Нұржан Төлепов, танымал күйші Едіге Нәбиев, ақын, журналист Мұнайдар Балмолда, энциклопедияның құрастырылуына үлес қосқан авторлар – облыстық театр қызметкері Нұрлан Сәдір мен өлкетанушы Айболат Құрымбаев, музейшілер мен тілшілер қатысты.

 

-«Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясы әр жылы бір томнан шығып тұрады. Былтыр бірінші томына әліпби ретімен Алматы облысы мен Алматы қаласы, Ақмола облысы мен Астана енсе, екінші томына Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және осы өңірден Маңғыстауды бөлмейік деп еліміздің батыс аймағы қамтылды. Жобаның қолдаушысы – Ұлттық музейдің қатысуымен Мәдениет және спорт министрлігі. Деректер жергілікті өлкетанушыларға сүйене отырып жиналды. Еңбек өздеріңіздікі. «Рухани жаңғыру» аясында шаралар әлі жалғаса береді. Қасиетті орындар тізімі мұнымен шектелмейді. Халық арасынан аңыздар жиналуда. Археологтар бұрын белгісіз болған жаңа орындар, өлкетанушылар мұрағаттардан тың деректер табуда. Ұлтымыздың айтулы тұлғалары түгенделуде. Бұл жұмыстар жалғаса берсе, арнайы Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясы шығарылуы да мүмкін. Бұл жергілікті атқарушы билікке де байланысты. Өлкетану – елдің айтқанын хатқа түсіреді. Біздікі ғылыми жоба емес, мәдени, танымдық, әлеуметтік жоба. Ең бастысы, халық киелі, қасиетті десе, соған сүйенеміз. Содан кейін ғана тарихи деректермен салыстырылады. Жаңғыру дегеніміз де осы – ұмытылған құндылықтарымызды, тарихымызды, тұлғаларымызды, ерлікті еске түсіру. Ел үшін жанын қиған тұлғаларымыз, олардың тағдыры, жатқан, табаны тиген жер киелі. Оны түгендеу арқылы рухымыз оянады,-деді Сокралды Қазақстан ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы.

 

Бұл шара бір жағынан кітаптың таныстырылымы, бір жағынан талқылау болды.

 

-Аңыз әңгімелер, тарихи орындар, құлпытастарға қатысты тарихымыз оны білетін адамдар өмірден өткенде бірге жоғалып кетті ғой деп ойлайтынмын. Өткеніміз тірілген екен. «Біткен іске сыншы көп» дегендей, дайын кітапты парақтап отырғанда оңай сияқты көрінгенімен, мұндай энциклопедия құрастыру өте үлкен еңбек. Енді жас буын үшін бұл деректерді интернетке салу керек,- деді өлкетанушы Сара Танабаева.

 

-«Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясынан Кіші Боғданы көріп қуандым. Үлкен Боғда көрші елдің территориясында қалды, қорық ретінде қорғалған. Ал мына қасиетті нысандар тізіміне енген Кіші Боғда біздің елдікі, алайда Ресейдің полигоны аумағында. Қасиетті мекенді ресейлік полигон аумағынан шығарып алуды ұсынамын. Бұл менің жеке ұсынысым,-деді Нұрлан Сәдір.

 

- Тұлғалар жайлы деректер толықтыруды, әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Жақында 1941 жылғы топографиялық картадан Дат мешітін таптық. Мешіт Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1930 жылдары бұзылып, одан мектеп салынған екен. Мешіт орналасқан жерді 40 отбасы мекен еткен екен. Мұрағат құжаттарынан сол 168 адамды анықтадық. Тізімі қолымызда. Сол орындағы құлпытастар оқылып, мұрағат тізіміндегі адамдармен сәйкес келді. Жалпы зерттеулерде Сырым батырға қатысты деректер өте аз. Сырым батыр бас боп сайланған халық кеңесі жайлы құжат табылды. Дат мешітінің орнын іздеген сапарымызда сол құрылтай өткен жерді де іздеп, шолып шықтық. Ол Жымпиты өзенінің екі сағасы қосылған тұс деп шамамен топшыладық. 20 мың адам сиятын бұл жерде үш төбе тұр. Мұнда үш рудың киіз үйі тігілді деп ойлаймын. Ескі картадан басқа да маңызды орындарды көрдік. Бұлардың бәрі тарихи айналымға қосылу үшін ғылыми сараптамаға ұсынылады,- деді Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейдің меңгерушісі, өлкетанушы Нұржан Төлепов.

 

Туған өлкенің тарихын зерттеудегі еңбегі үшін "Үздік өлкетанушы" төсбелгісімен Сара Танабаева мен Ахмедияр Батырханов марапатталды. Төсбелгі куәлігінде республикалық "Туған жер" қазақстандық өлкетанушылар бірлестігінің басқарма төрағасы, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының қолы қойылған.

 

 

Нұрлыбек Рахманов,

суретке түсірген автор