28 Мамыр 2019
259

Облыс әкімінің орынбасары теректіліктермен жүздесті

 

Теректі ауданына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов келді.

 

 

         Ғабидолла Абдоллаұлы аудан әкімдігі ғимаратында тұрғындарды қабылдады. Облыс әкімінің орынбасарына өтініштерін айтып келгендер қатарында Юбилейный ауылының тұрғыны, мәдени қызметкер Бейбіт Қуанышқалиев болды. Бейбіт Мырзаұлы Подстепный ауылына дене шынықтыру кешені қашан салынатынын сұрады. Ғабидолла Абдоллаұлы  кешеннің биылдан қалмай құрылысы басталатынын, жобасы дайын екенін жеткізді. Федоров ауылының тұрғыны А.Наурызова мен Донецк ауылынан келген Е.Абулмуслимова тұрғын үй мәселесін көтерді. Бұл сауалға Теректі ауданы әкімінің орынбасары Ержан Досмақов жауап беріп, Ақжайық ауылында салынып жатқан көп пәтерлі үйдің биыл тұрғындарға берілетінін, ал Шаған мен Подстепный елді мекендерінде көп пәтерлі үйлер салынатынын айтты. Федоров ауылының тұрғындары А.Қиясова мен Г.Удирова жұмыс сұрап келді. Облыс әкімінің орынбасары бұл тұрғындардың қалаған мамандығы бойынша колледждерде оқып, жұмысқа орналасуын қадағалауды Теректі ауданынының әкімі Әділ Жоламановқа тапсырды. Подстепный қазақ мектебінің директоры Берік Нығметов қазіргі таңда 345 бала оқитын мектепте 774 оқушы білім алып жатқанын, келесі жылы бұл цифрдың 900-ге жететінін, халық санының көбеюіне байланысты ауылға үлкен мектеп қажеттігін баяндады. Мектеп директорының өтінішін жазып алған Ғабидолла Абдоллаұлы алдағы уақытта бұл мәселенің шешілетінін, керек құжат пен жоба дайындау керектігін мәлімдеді.

 

         Қабылдауға келген әр адамның сұрақтарына жауап беріп, пікірлерін тыңдағаннан соң Ғ.Оспанқұлов аудандық орталықтандырылған аурухана мен №2 саз мектебінде болды. Саз мектебінің мәжіліс залында  теректіліктермен жүздесіп, облыс бойынша атқарылып жатқан игі істер жайында мағлұмат берді. Жиын соңында бір топ белсендіге, білім саласының үздіктеріне, ақ халатты абзал жандар мен кәсіпкерлерге облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғыс хатын табыстады.