28 Мамыр 2019
315

БҚО-да фитосанитарларға жаңа 13 көліктің кілті табысталды

 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев облыста жаңадан ашылып жатқан фитосанитарлық бекеттер мен өсімдік зиянкестері мен ауруларына қарсы зерттеу жұмыстарын жүргізетін мекемелерге 13 автокөліктің кілтін табыс етті. Сонымен қатар осы науқандық жұмыстарды жүргізетін мекемелердің техникаларымен танысты.

 

 

Атап айтсақ, ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан су жаңа 7 автокөлік ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» ММ-ның аудандық филиалдарына берілді. Ал аталмыш министрліктің 2019 жылғы 18 сәуірдегі №158 бұйрығына сәйкес облыста ашылып жатқан фитосанитарлық бақылау бекеттеріне 6 бірлік LADA-21214 көлігі мемлекеттік сатып алу арқылы алынды. Биыл мемлекеттік сатып алу конкурстарының нәтижесінде өңірдегі химиялық өңдеу жұмыстарын «Өсімдік қорғау-МКОК» ЖШС, «Авиакомпания «Дельта-юг» ЖШС, «Агролюкс» ЖШС, «Агро СЛА» ЖШС және «ЗапКазФумигация» ЖШС жүргізеді.

 

Аталмыш мекемелердің дайындығы және облыс аумағында аса қауіпті зиянды ағзалар мен карантиндік нысандарға қарсы жүргізілетін науқандық жұмыстардың әзірлігі Ғали Нәжімеденұлының төрағалық етуімен Достық үйінде өткен жиналыста талқыланды.

 

- Аса қауіпті ағзаларға қарсы химиялық өңдеу жүргізу жұмыстарын мұқият орындап, пестицидтерді ысырапсыз, шашу нормасын сақтап пайдалану қажет. Техникалар жүргізетін өңдеу жұмыстарын қадағалап, науқандық жұмысты өзара ұйымшылдықпен атқаруымыз қажет. Облыстағы аса қауіпті зиянды ағзалардың таралмауын және ауыл шаруашылығы дақылдарына, жайылымдар мен шабындықтарға зиян келтірмеуіне қол жеткізу керек, - деді Ғали Нәжімеденұлы жиын барысында.

 

 

Жиында алдымен сөз алған ҚР АШМ АӨК МИК облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов өңірдегі аса қауіпті зиянды ағзаларға қарсы жүргізілетін науқандық жұмыстардың әзірлігі мен атқарылатыны жөнінде баяндады. Биыл облыста үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 155,1 жерге жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ егіншілікпен айналысатын Бөрлі, Бәйтерек, Тасқала, Теректі және Шыңғырлау аудандарында кандала бақашығына қарсы 11,0 мың гектар және астық қоңызына 5,0 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілмек. Улау жұмыстарына қолданылатын диурон, даклоприд, комбат, имидор, лятрин пестицидтері аудандарға жеткізілген.

 

- 2011 жылы Кедендік Одақтың құрылуына орай өсімдіктер карантині саласында қысқартылған бекеттер қайтадан жасақталып, Ресей Федерациясымен шекаралас Қазақстан-Ресей шекара өткізу пункттерінің қасынан фитосанитариялық бекеттер ашылуда. Жыл басынан бері мобильдік топ 373 автокөліктен 5 639 тонна өнім тексерді. Солардың ішіндегі 38 автокөлікке тиелген 605 тонна өнімде тиісті карантиндік құжаттары дұрыс болмағандықтан, кері қайтарылды. Былтыр 12 910 тонна өнім тексеріліп, 19 автокөлікке тиелген 409 тоннасы кері қайтарылды. Биыл 1616000 теңге айыппұл салынып, өндірілді. Биыл ашылатын 6 фитосанитарлық бақылау бекеттің «Сырым» және «Тасқала» бекеттері жұмыстарын тұрақты атқаруда. Қажетті 24 штат бірлігі мәселесі шешімін табу алдында. Бекеттер сараптама өткізуге қажетті құрал-жабдықтармен толығымен қамтылған, - деді Лавр Рашидұлы. Биыл карантиндік-фитосанитарлық қадағалау жұмыстарын жүргізу барысында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабы бойынша 50 әкімшілік іс қозғалып, 2802750 теңге айыппұл салынған.

 

 

Жиналыс барысында сонымен қатар ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» ММ облыстық филиалының басшысы Алтай Алдабергенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев сөз сөйлеп, аса қауіпті зиянды ағзаларға және үйірсіз шегірткелерге қарсы жүргізілетін жұмыстар жөнінде баян етті. Сондай-ақ Сырым және Қаратөбе аудандық аумақтық инспекция басшылары да өз жұмыстарымен таныстырып өтті. Жиналыс соңында хаттамалық шешім қабылданды.