28 Мамыр 2019
181

Қаратөбеде кәсіпкерлік саласы дамып келеді

 

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов Қаратөбе ауданында болды.

 

Алдымен денешынықтыру-сауықтыру кешенінде болған Миржан Мұнайдарұлы Қаратөбе балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылар және спортшылармен кездесті. Қазіргі таңда он спорт түрі бойынша 32 үйірме жұмыс жасайтын спорт мектебінде 342 шәкірт тәрбиеленуде. Облыс әкімінің орынбасарымен жүздесу барысында спорт кешеніне, әсіресе соңғы уақытта жоғарғы жетістіктерге жетіп жүрген спорт түрі «Қол күресі» үйірмесінің жетекшісі Нұрқат Нысанов жаттығу үшін қажетті құрал-жабдықтар керектігіне тоқталды. Айтылған ұсыныстар алдағы уақытта ескерілетіндігін атап өткен өңір басшысының орынбасары спортшылармен дидарласып, жетістіктерімен танысты.

Спорт кешеніндегі кездесу барысында аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Рамазан Қыдырашев аудан орталығына жүзу бассейнін салу жобасымен таныстырды.

Содан соң облыс басшысының орынбасары құрылысы жүріп жатқан құны 150 млн. теңге болатын «Nazel» алкогольсіз сусындар өндіру зауытының құрылысымен танысты.

Құрылысы өткен жылдың желтоқсан айында басталған сусын өндіру кешенін өз қаражаты есебінен «Nazelprodukt» ЖШС қолға алып отыр. Биыл шілдеде іске қосу жоспарланған сусын зауыты күніне 24 мың дана құты сусын шығаруға қауқарлы болмақ.

 

 

Кәсіпкерлік нысан құрылысының жанында аудан кәсіпкерлерімен жүздескен лауазымды тұлғалар мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып кәсіп ашу, төменгі пайызбен несие алу, жер учаскелерін заңдастыру, қаржылай қолдау қорларының көмегін пайдалану, кәсіп ашуды ойлаған жас кәсіпкерлерге көмек мәселесі турасында пікір алмасты.

Қаратөбедегі кәсіпкерлік саласының жолға қойылғанына куә болған билік өкілдері «МG» сауда орталығының жұмысымен де танысты. Сауда кешеніндегі тауар бағаларының айтарлықтай қымбат еместігіне мән берген олар, заманауи үлгіде ғимарат салып, жергілікті халыққа сапалы қызмет көрсетіп отырған кәсіпкер Тоқтар Мерекеұлының жұмысына сәттілік тіледі.

Кәсіпкерлік нысандарды аралаған соң аудан әкімдігінде өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов ауданның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар түрлі сала қызметкерлерін облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғыс хатымен марапаттады.

Сондай-ақ Миржан Мұнайдарұлы аудан тұрғындарына жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді.