06 Маусым 2019
521

Әскери-патриоттық тәрбие-елдің табысты дамуының кепілі

 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында Оралда әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту бойынша ҚР Қорғаныс министрлігі, облыс әкімдігі және "Жас сарбаз"республикалық қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.

 

 

 

Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу-Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда әскери талдаушылардың бағалауы бойынша әскери-патриоттық клубтың әрбір төртінші тәрбиеленушісі өз болашағын армиямен байланыстырады. Әскери-патриоттық клубтардың қабырғаларында оқытудан және шыңдаудан өткен, ал кейіннен әскерге шақырылған немесе әскери оқу орындарына түскен жастар әскери ғылымның қырларын игеруде жоғары дағдыларға ие және әскери қызметтің жағдайына оңайырақ бейімделеді.

 

Меморандумға Қорғаныс министрі генерал-майор Н.Ермекбаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов және "Жас сарбаз" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы М. Меңдіғалиев қол қойды.

 

Бұл құжаттың мақсаты жастар бастамаларын қолдау, бірлескен жобаларды одан әрі іске асыру, сондай-ақ өскелең ұрпақты әскери-патриоттық іс-шараларға қатысуға кеңінен тарту болып табылады.

 

Меморандумға қол қою салтанатының соңында облыс әкіміне "Жас сарбаз" Республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының аймақтық үйлестіру кеңесінің құрметті төрағасының төсбелгісі мен куәлігі табыс етілді.