07 Маусым 2019
135

«IT HUB» инновациялық алаңы ашылды

 

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен Smart Uralsk ғимаратында БҚО-ның  IT-мамандарына арналған  инновациялық «IT HUB» алаңы ашылды.

 

 

Өткен жылы облыста «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру мақсатында цифрландыру мәселелерімен айналысатын жаңа цифрландыру басқармасы құрылған болатын.

 

Басқарманың жаңа офисі жергілікті атқару органдарының жұмысының ашықтығын, мөлдірлігін бейнелейтін «оpen space»  форматында жасақталған. Жұмыс кеңістігін қолайлы ұйымдастыру, мемқызметкерлердің үйлесімді ұжымдық жұмысы өзінің тиімділігін көрсеткен. Облыс әкімі кеңсе жұмысын осындай форматта ұйымдастыруды өзге де мемлекеттік мекемелерде жалғастырудың қажеттілігін атап өтті.

 

Облыстың цифрлық трансформациясы экономиканың басты салалары бойынша 100-ден астам жобаны қамтиды. Бұл шаруаның барлығы өңірді дамытуды және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді.

 

Облыс басшысының өңірдің инновациялық экожүйесін құру тапсырмасы негізінде дүниеге келген «IT HUB» алаңы цифрландыру бастамаларын,  стартаптарды жинақтайды, цифрлық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. «IT HUB» алаңы индустриалдық аймақтың шағын форматы ретінде резиденттерге оның аумағында тіркелуге, Коворкинг  аймақты, кеңестік қызметтерді және мемлекеттік қолдау-көмекті  пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл жоба БҚО IT Ассосиациясымен, «Орал» ӘКК және БҚО цифрландыру басқармасымен бірлесіп, жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылды.

 

 «IT HUB»-тың бірінші жобасы –«IKomek 109» қалалық қызметтің бірыңғай сall-орталығы, бұл жоба коммуналдық қызметке қатысты түйткілдерді жылдам шешуге, тиісті орындардан ресми жауап алуға және тұрғындарға қызмет көрсету сапасының деңгейін көтеруге бағытталған.

 

- Камера арқылы адамның қандай көңіл-күйде екенін анықтауға болатын бағдарлама жасақтадық. Интернеттен 20 мың фотоны жинап, бағдарламаға салып көрдік. Енді ол 75% дәлдікпен адамның көңіл-күйін түсініп, ақпаратын шығарады.  Мысалға, халыққа қызмет көрсету, екінші деңгейдегі банктерде клиентпен сөйлесіп  отырғанда, екі тараптың бірінің көңіл-күйі күрт нашарлап кетсе, неге олай болғанын білуге болады. Яғни қызмет көрсету сапасына сараптама жасайды. Бұл бағдарламаны телекоммуникациялар саласында қолдануға болады, Менімен бірге бес бала бірге жұмыстануда,  - деді жобаның авторы, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыныбының оқушысы  Ержан Жамашев. Облыс әкімі НЗМ-ның шәкірттерінің бағдарлама жобасына қолдау-көмек болатынын, одан әрі жетілдіріп, таратуға болатынын айтты. Цифрландыру басқармасының басшылығы да мұндай бағдарламаны «ашық әкімдік» жұмысына пайдаланып көруге ықылас білдірді.

 

Сондай-ақ бас қосуда «Зениттехсервис» ЖШС-ның директоры Көшербай Айғожаұлы Ресейдің Самара авиациялық-инже­нерлік орталы­ғы­мен бірігіп, «Гидро­п­рибор» ҒЗИ» АҚ кәсіпорнында ұшқышсыз ұшатын ұшақ жасағандарын, оған қажетті маман даярланғанын әңгімеледі. Ондай аппаратпен енді халыққа қызмет көрсетілмек.

 

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов